×

Әлі жөндеу жүріп жатыр: мегаполис пен облыстар жылу беру маусымына қаншалықты дайын?

Елдің басым бөлігінде жылу беру маусымы 15 қазанда басталады

 Айгерім Таубай 21.09.2022 | 12:00
Коллаж: Халық үні

Еліміздің бірқатар өңірінде жылу беру маусымы қыркүйекте басталады, енді бір өңірде қазанның ортасына дейін күн жылы болады. Әкімдік берген ақпаратқа сәйкес, кей жерде жылу қазандықтарында әлі күнге дейін жөндеу жүріп жатыр. Енді бір аймақ қысқа 100 пайыз дайын. Halyq Uni материалынан мегаполистер мен облыстарда жылу беру маусымы қашан басталатынын және әкімдіктердің оған дайындығы жайлы оқыңыз.

Сондай-ақ ірі қалалар мен облыс әкімдіктері өңірде тұрғындардың қанша пайызы табиғи газға қосылғанын нақтылады.

ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ 100% ДАЙЫН

Астанада жылу беру маусымы қашан басталатыны ауа райына байланысты белгілі болады. Қалада 5 күн бойы ауа температурасы +10С және одан да төмен болса, жылу беріледі.

Қазір елордада 2 жылу энергетика орталығы (ЖЭО) және 7 қазандық бар. Әкімдіктің хабарлауынша, 1-ЖЭО жылыту маусымына 89,7% дайын, 2-ЖЭО дайындығы – 85,2%, қазандықтар 100% дайын. Қалада апатты жағдайда тұрған қазандық жоқ.

1-ЖЭО-да жеті қазандық, 2-ЖЭО-дағы алты қазандық газға қосылған. Биыл бірінші жылу энергетика орталығындағы 3 қазандық газға ауыстырылады.

Сондай-ақ әкімдік елордадағы тұрғын үйлер 2025 жылға қарай газға толық қосылатынын мәлімдеді.

15 ҚАЗАНДА ЖЫЛУ БЕРІЛЕДІ

Алматыда жылу беру 15 қазанға жоспарланған. Алайда ауа температурасы +8С және одан да төмен болса, жылу беру маусымы ерте басталады. Орташа есеппен жылу беру маусымы 164 тәулікке созылады.

Әкімдіктің хабарлауынша, мегаполисте апатты жағдайда тұрған қазандық жоқ. Биыл 12 энергетика қазандық агрегаты, 15 су жылыту қазандығы және 2 бу қазандығы жөнделді.

Қаладағы 1-ЖЭО және Батыс жылу кешені газбен, 2-ЖЭО көмірмен жылытады.

Әкімдік 2025 жылға дейін қаланы 100% газбен қамтуды жоспарлап отыр. Ал қазірге дейін қаланың 99,2%-ы газға қосылған.

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖАСАЛДЫ

Шымкентте де жылу беру маусымы 15 қазанда басталады. Алайда ауа температурасы 5 тәулік бойы +8ºС-тан төмен болса, жоспар өзгереді.

Шымкентте бір жылу электр станциясы (ЖЭС) бар – «3-Энергоорталық» АҚ. Ол толық газбен жұмыс істейді.

Биыл оның негізгі және қосалқы жабдықтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқы маусымға толық дайын, - деп хабарлады қала әкімдігі.

Сондай-ақ «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 15 қазандық бар. Қазірге дейін 13 қазандық толық дайын,  2 қазандықта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол қыркүйектің аяғына дейін дайын болады.

«Қуатжылуорталық-3» ішіндегі 2 қазандық көмірмен жұмыс істейді. Оған қажет 1 100 тонна көмір сатып алынған. Қалған 13 қазандық газға қосылған.

Мегаполис әкімдігі қала 2025 жылға дейін толық газ жүйесіне қосылады деп уәде берді.

ҚЫРКҮЙЕКТЕ ЖЫЛУ БЕРІЛЕДІ

Павлодар облысында қалаларда жылу беру маусымы әдетте 15-18 қыркүйекте, аудандарда 20-25 қыркүйекте басталады. Ауа температурасы +10 градустан төмен болса, одан да ерте басталуы мүмкін.

Облыс аумағында 4 ЖЭО бар. Оның үшеуі облыс орталығында және бірі Екібастұз қаласында орналасқан.

Қазір ЖЭО негізгі жабдығы жылыту маусымына дайын, - деп хабарлады әкімдік.

Әкімдіктің хабарлауынша, өңірде халыққа қажет көмір бар. Облыстағы барлық жылу желісі көмірмен жұмыс істейді. Мұнда табиғи газ жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысында жылу беру маусымы қыркүйектің аяғында басталады.

Облыста бір ЖЭС бар. Ол 1961 жылы салынған. Мұнда жылыту көзі ретінде көмір пайдаланылады.

Айта кетейік, СҚО-да өндіріс және тұрмыстық қажеттілік үшін сұйытылған көмірсутекті газ пайдаланылады. Облысты газдандыру «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының 3-кезеңі аясында қарастырылған.

Ақмола облысында аудандар мен Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары әкімдерінің өкімінен кейін жылу беріледі. Алайда биыл мектеп пен балабақшаларда қыркүйектің үшінші онкүндігінде жылу беріле бастайды, ал қалған нысандарға қазанның басында беріледі.

Ақмола облысының Степногорск қаласында «Степногорск» ЖЭО орналасқан. Оның жұмысына көмір мен мазут қолданылады. ЖЭО-да 6 энергетикалық және 1 су жылыту қазандығы және 5 турбоагрегат орнатылған. Апатты жағдайда тұрған қазандықтар жоқ.

Облыс бойынша 103 061 жер үй, 30 023 көппәтерлі үй бар. Биыл жер үйлердің 0,05%-ы газға, 2,5%-ы орталық жылу желісіне қосылған, 97,5%-ы отын ретінде көмірді қолданады.

Қостанай облысында 3 ЖЭО бар. Қостанай қаласында орналасқан «Қостанай ЖЭК» МКК-да 4 бу қазандығы және 5 су жылыту қазандығы бар. Рудный қаласында орналасқан ЖЭО-да 6 бу қазандығы, 5 су жылыту қазандығы орнатылған. Арқалық қаласындағы жылу электр орталығында 3 бу қазандығы, 2 су жылыту қазандығы жұмыс істейді. Ол көмірмен жылытылады.

ЖЭО-да апатты қазандықтар жоқ.

ГАЗҒА ҚОСЫЛҒАН ӨҢІРЛЕР

Ақтөбе облысында жылу беру маусымы 15 қазаннан кейін басталады. Ақтөбе қаласындағы үйлер «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның орталықтандырылған көзіне қосылған. Мұнда 8 бу қазандығы, 6 турбоагрегат және 5 су жылыту қазандығы бар. Барлығы табиғи газбен жұмыс істейді. 

Биыл 13 қазандық және 6 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланды. Қазірге дейін 9 қазандық (69%) және 4 турбоагрегат (67%) бойынша жөндеу жұмыстары аяқталған.

Маңғыстау облысында жылу беру маусымы 15 қазанда басталады.

Әкімдіктің хабарлауынша, Ақтау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-да 2 ЖЭО, 1 ЖЭС бар. Жаңаөзен қаласы бойынша бір шағын ЖЭО бар.

Облыстың 99,8%-ы газға қосылған.

Батыс Қазақстан облысында жылу беру маусымы ауа райына байланысты белгілі болады. Ауа температурасы +8ºС және одан төмен болса, жылу беріледі.

Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, облыста бір ЖЭС бар, ол Орал қаласында орналасқан.

«Жайықжылуқуат» АҚ-да 23 қазандық бар. 10 қазандық жылу беру кезеңінде, 13 қазандық жыл бойы жұмыс істейді.

Апатты жағдайда тұрған қазандықтар жоқ.

Облыстың 99,3%-ы газға қосылған, сол себепті өңірде көмірге сұраныс төмен. Биыл жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 99,8% болады деп жоспарланған.

Атырау облысында 15 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріледі. Ауа райына байланысты көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары ПИК-ке жылу қосу туралы өтініш білдірсе, белгіленген мерзімнен бұрын беріледі.

Облыста 1 ЖЭС бар. Станцияның белгіленген электр қуаты – 474 МВт, жылу қуаты – 798 Гкал/сағ.

«Атырау ЖЭО» АҚ құрал-жабдықтары 11 турагрегаттан, 14 жылу қазандығынан және 1 газ турбиналық қондырғыдан тұрады.

Қазір №9 жылу агрегатты мен №5 турбоагрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жұмыстар жылу беру маусымының өтуіне кедергі келтірмейді, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Айта кетейік, облыс аумағындағы 155 елдімекеннің 137 елдімекенде тұратын халықтың 99,68 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Қазір 8 ауылға газ кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ОҢТҮСТІК ӨҢІР ГАЗҒА ҚАШАН ТОЛЫҚ ҚОСЫЛАДЫ?

Түркістан облысы бойынша жылу беру маусымы қазанның басынан сәуірдің ортасына дейін жалғасады.

Облыста Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ететін №5 ЖЭО бар. Ол жерде 6 қазандық көмірмен жұмыс істейді. Жылыту маусымына дайындық көрсеткіші – 85%. 1 қазанға дейін жылу маусымына дайындық толық аяқталады.

Әкімдіктің хабарлауынша, 2022 жылдың басында 831 елдімекеннің 457-сі табиғи газға қосылды. 2027 жылдың аяғында облысты 100% табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Жамбыл облысында болжам бойынша жылу 10-15 қазан аралығында беріледі. Облыс бойынша 9 жылу энергетика саласының кәсіпорны бар.

Жылу электр станциясы мен қазандықтар алдағы жылыту маусымына дайын, апатты жағдайда тұрған қазандықтар жоқ, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Әкімдіктің хабарлауынша, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елдімекен 100% табиғи газды тұтынады. Ал қазір 259 елдімекенде газ бар.

Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сәйкес, жылу беру маусымы жоспар бойынша 15 қазан басталуға тиіс.

Облыстың негізгі жылу көзі – 15 қазандық. Оның 14-і газға қосылған. Заречный ауылындағы қазандық мазутпен жұмыс істейді. Оны биыл газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында жылу ауа райына байланысты беріледі.

Бұл өңірде 24 қазандық бар. Газға – 6, көмірмен – 15, сұйық отынмен 3 қазандық жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы – 390 шақырым. Желілердің орташа тозуы – 44%. 

Облыста 358 елдімекеннің 19-ы газға қосылған.

Қызылорда облысында жылу беруді бастау мен тоқтату туралы шешім ауа райына байланысты қабылданады.

ЖЭО-да – 2, Оңтүстік қазандықта – 2, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалындағы 4 қазандық пен 18 автономды блокты модульді қазандық жылу беру маусымына 100 пайыз дайын, - деп хабарлады әкімдік.

Облыс бойынша 78 409 жер үй газға, 527 жер үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бұл қазір 67%-ды көрсетіп тұр. 2030 жылы 100% газға қосу жоспарланған.

ҚАЗАНДЫҚТА ЖӨНДЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шығыс Қазақстан облысында да жылу күн суыған кезде беріледі. Мұнда үш ЖЭО бар. Оның екеуі Өскемен қаласында және біреуі Риддер қаласында орналасқан.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС-да 9 қазандық бар, оның ішінде 5 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды, 4 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Согра ЖЭО» ЖШС-да 3 қазандық бар, оның екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, бір қазандықта жөндеу жүріп жатыр.

«Риддер ЖЭО» АҚ-да 6 қазандық бар, оның төртеуінде жөндеу жұмыстары аяқталды, екі қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әкімдіктің хабарлауынша, барлығы жылыту маусымы басталғанша дайын болады.

Абай облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде 5 күн бойы ауа температурасы +8°С-тан төмендесе, жылу беріледі.

Облыста бір ЖЭО бар, ол Семей қаласында орналасқан. ЖЭО-дағы 5 қазандық жылу беру маусымына дайын.

Жылыту маусымына орталықтандырылған жылу көздері үшін жеткізу кестесіне сәйкес жыл соңына дейін 238,3 мың тонна көмір жеткізіледі, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Облыстағы 138 мың жер үй және 1 868 көппәтерлі үй көмірмен жылытады.

ГАЗ 2040 ЖЫЛЫ ЖЕТЕДІ

Ұлытау облысында ауа температурасы +8°C және одан төмен болса немесе ауа температурасының күрт төмендеуі туралы болжам жасалса, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары жылу беру маусымын жариялайды.

Облыс бойынша бір ЖЭС бар. Ол Жезқазған қаласында орналасқан.

«Жезқазған ЖЭО» меншік иесі – «Қазақмыс энерджи» ЖШС. Ол 1952 жылы пайдалануға берілген. Көмірмен жұмыс істейді.

Әкімдіктің хабарлауынша, облыста қазірге дейін Талап, Пристанционный, Геологический елдімекендеріне 649 тұтынушы газға қосылуға дайын. Ішінде 28 тұтынушы газға қосылды.

«Биыл қазанда 91,92,93,94 орам және 7,8 орам газ құбыры желілерінің құрылысы басталады. Ол жұмыстар 2024 жылдың басында аяқталады. Облыс бойынша 2040 жылға қарай тұтынушылар үшін газбен жабдықтау желілерін толық жеткізу жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.

Қарағанды облысында 7 ЖЭО бар. Олар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Балқаш қаласында және Топар кентінде орналасқан. Станцияларда барлығы 48 қазандық бар, апатты жағдайда тұрған қазандықтар жоқ.

«Жылыту маусымына дайындық бойынша станцияларда негізгі жабдықтарды жөндеу жүргізіліп жатыр. 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындықтың жөндеу кестесіне сәйкес станцияларда негізгі жабдықтарды жөндеу жүргізіліп жатыр. Жылдық жоспар бойынша 44 қазандық және 26 турбинаны жөндеу көзделген, қазірге дейін 23 қазандық пен 14 турбинаны жөндеу аяқталды. 13 қазандық пен 9 турбина жөнделіп жатыр», - деп хабарлады әкімдік.

Айта кетейік, өңірдегі 7 станция көмірмен жұмыс істейді.

Қазір газ тарту бойынша жұмыстар Қарағанды және Теміртау қалаларында ғана жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ облысқа толық газ тарту қаржыға байланысты шешіледі. Сол себепті әкімдік облыстың қашан толық газға қосылатынын атамады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама