×

Атырауда тағы бір алабай адамды жеп қоя жаздады (ВИДЕО)

Қазір жәбірленуші дәрігерлердің бақылауында

 Еркеғали Болатұлы 20.09.2022 | 11:37
фото: видеодан скриншот

Атырауда 43 жастағы ер адамды алабай талап тастады. Оқыс оқиға Балауса шағынауданында, түнгі сағат 12 шамасында болған.

Әлеуметтік желіге тарап кеткен видео жұртты шулатты. Оқиға куәгері көршісінің жанұшыра айқайлаған дауысын естіп, жүгіріп барған. Өзге де тұрғындар көмекке ұмтылып, қолда бар қорғаныш заттармен адамды иттің аузынан әрең арашалап алыпты. Әйтпесе жеп қоятын түрі бар деседі олар.

Куәгерлер тайыншадай алабайға таланған адамның аяғы мен қолы жарақаттанып, қаңсырап жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Жәбірленуші қазір облыстық ауруханада жатыр.

Алғашқы көмекті жедел жәрдем қызметі көрсетіп, кейін облыстық аурухананың травматология бөліміне жатқызылды. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында. Тиісті ем шаралары жасалып жатыр, - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айша Кенжемұрат.

Талаған иттің иесі тез анықталды. Алабайын қараусыз қалдырған 57 жастағы тұрғынға полиция әкімшілік хаттама толтырған.

«Ит қабу фактісіне байланысты анықтау-тексеру жұмыстары жүргізіліп, Балауса ықшам ауданының 1965 жылғы иесі анықталды. Оған қатысты Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 407, 407-2 бабының 1, 4 бөліктеріне сәйкес хаттама толтырылды», - дейді қалалық ПД баспасөз хытшысы Мейірім Ердәулет.

Еске сала кетсек, бұған дейін сол Атырау қаласында басқа алабайдың 7 жасар баланың бас терісін жұлып алғанын жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама