«Шыңғысханды алып кетуге келді»: Моңғолияда ұсталған қазақстандық ғалымдар елге оралды

Айнұр Шошаева

Моңғолияда шпионажбен айыпталған ғалымдар елге оралды

Коллаж: Halyq Uni

Мамыр айында Моңғолияға екі аптаға іссапарға кеткен қазақстандық үш ғалым төрт айдан кейін елге оралды. Осы аралықта оларға шпионаж жасады деп айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Қазақстандық ғалымдар Жақсылық Сәбитов, Мақсат Жабағин және Бағлан Айдаров тарихты генетика тұрғысынан зерттеп жүр. Қазақстанға оралған ғалымдар Forbes Kazakhstan YouTube арнасына сұхбат беріп, не себепті ұсталғандарын айтып берді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық ғалымдар үшінші елдердің мүдделеріне шпионаж жасады деп айыпталып, оған өздері жауап берген еді. 

Ұлттық биотехнология орталығы адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағинның айтуынша, қазақстандық ғалымдар Моңғолияға жергілікті халықтардың генофондын зеттеу үшін барған. 

«Маған жергілікті аз халықтардың аталық жолын зерттеу туралы идея келді. Тарихшымен кеңесіп, ғылыми өтінім әзірлеп, Моңғолияның тарих және этнография институтындағы серіктестерімізге жібердік. Олар қызығушылық тарытып, бізбен меморандум жасады. Ол келісімде біздің функциямыз нақты жазылған болатын. Кейін олардың арнайы қызметі қысым жасады ма, біз келіп деректерді жинай бастағанда ол келісімнен бас тартты», – дейді ғалым. 

Қазақстандық ғалымдар өздеріне тағылған айып туралы айтып берді. 

«Негізгі тағылған айып – біз генетикалық зерттеуді сылтауратып өтірік айтып, зорлық көрсету арқылы адамдадың жасушаларын алып келіппіз. Бұл жерде діңгек жасушалар туралы айтылып отыр. Тергеу кезінде біздің қорғаушыларымыз Парламенттен комментарий алды. Ол 2-3 жыл бұрын қабылданған заң бар екен, ол трансплантация үшін пайдаланылатын жасуша донорларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтіні айтылды», – деп толықтырды Жабағин. 

«Діңгек жасушалын омыртқадан немесе  баланың кіндігінен алуға болады. Ондай ештеңе жасамадық. Біз тек қана адамдардың сілекейін жинадық. Олар сілекейден жасуша жасауға тырысса да, бұл дұрыс емес. Сілекей 95 пайыз судан тұрады. Ең сорақысы сараптама 50 шақты күн жасалды. Яғни, сілекейдің діңгек жасушасы емес екенін айтып жауап беру үшін 50 күн кетті», – дейді Жақсылық Сәбитов. 

Ғалым Бағлан Айдаров проблема Моңғолияның заңнамасындағы олқылықтан болғанын айтады. 

Бұл жердегі казус моңғол заңнамасында жасуша деп жазылған. Нақты қандай жасуша екені анық көрсетілмеген. Проблема содан болды. Бізге Моңғолияның қылмыстық кодексінің 15-бабы бойынша айып тақпақ болды. Жай ғана «жасуша» деп жазылған соң, оның нақты қандай жасуша екенін дәлелдеумен болдық. Тіпті халықаралық тәжірибені айтып, ғылыми мақалаларды көрсетуге тура келді, – дейді Айдаров. 

Сонымен бірге, қазақстандық ғалымдар тергеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын атап өтті. Қонақ үйге келген арнайы қызметтің өкілдерінің құжаттарын көрсетпегенін, тіпті бөлмені тінту кезінде санкция болмағанынын айтады. 

«Біреулер келіп, «бізбен жүріңіздер» деді. Қайда, кімсіздер, құжаттарыңызды көрсетіңіздер деп талап еттік. Көші-қон полициясын шақырды. Мен телефонымды алып камераға түсіре бастап едім, оны бір тартып қолымнан түсіріп жіберді. Алып кетіп көші-қон полициясында екі сағаттан артық ұстады. Одан кейін полицияға алып барды. Қарап отырсам соның бәрін уақыт создыру үшін істеген екен. Полицияда отырып, не үшін ұсталғанымды, қандай айып тағылғанын дұрыс түсіндірмеген соң заңгерсіз жауап бермейтінімді айтып кетіп қалдым. Шығып консулдыққа хабар беріп, адвокат іздей бастадым», – дейді Бағлан Айдаров. 

Негізгі ойлағандары бізді тез-тез ұстап, таққан айыптарын мойындаттырып, тездетіп депортация жасау болған сияқты. Мәселен, бірінші келген адвокат оларды татуластырып, «қылмыстарын» мойыдатқызып тезірек елден шығарып салуға тырысты. Мақсат пен Бағлан Баян Өлгейде, мен Ұлан Баторда болдым. Маған келген адамдар алты адамның куәгерлігі негізінде айып тағылып жатқанын айтты. Әлгі алты адамның бесеуін мен ешқашан көрген емеспін, – деп толықтырды Жақсылық Сәбитов. 

Ғалымдар өздеріне тағылған айыпқа бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айтып отыр. Моңғолияның құқық қорғау органдары қазақстандық ғалымдардың ұялы телефондары мен ноутбуктерін тәркілеп, киберқауіпсіздікке тексерген. 

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қолдан келген көмекті көрсетті. Консулдық қызмет түнімен ұйықтамай, қажет құжаттарды дайындап берді. Ғалымжан Жақиянов Моңғолияда тұрады. Ол бізге жақсы адвокат тауып берді, нәтижесінде заңгер бізді осы істен алып шықты. Қылмыстық іс 15 тамызда жабылған, ал 2 қыркүйекте қазақстандық ғалымдарға елден шығуға салынған шектеуді алып тастаған сот шешімі шықты. Моңғолиядан Қазақстанға шығайын деп тұрғанда аталған сот шешімінің көші-қон қызметіне жетпегені белгілі болды», – дейді ғалым. 

Бұған дейін ресейлік сайттардың ақпаратында қазақстандық ғалымдардың үй қамаққа отыр деп жазған болатын. Ғалымдар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Төрт айдың ішінде Моңғолияны аралап, Қырғызнұр көлі, Архангай аймағына барып қайтқан. Сондай-ақ Күлтегін, Тоңыкөк, Білге қаған мен биыл жазда табылған Құлтық Елтеріс хан жерленген жерлерін аралап көргендерін айтты. 

Сондай-ақ анономді телеграм арналар қазақстандық ғалымдар Моңғолияға Шыңғыс ханды алып кетуге барғанын жазды. 

«Бұл жалған ақпарат. Бізде Моңғолияға кеткен кезде қазақстандықтардың біреуі «Шыңғысханды алып кетуге бара жатыр» деп шағымданған деген ақпарат бар. Қорғаушымыз біздің сондай мақсатпен келгенімізге сенімді болды. Біздің бұл мәселеге қатысты ғылыми позициямыздың басқа екенін білгенде қатты таңғалды. Яғни, қазақстандықтардың біреуі «Шыңғысханды меншіктеп, оны қазаққа айналдырғалы жатыр» деп біздің үстімізден арызданған болуы мүмкін», – деді генетик Жақсылық Сәбитов.