×

Қазақстанның жаңа тарихындағы Қонаев пен Назарбаевтың орны. Тарихшы Сәбитовпен сұхбат

Қазір жазылып жатқан Қазақстанның жаңа академиялық тарихының бұрынғыларға қарағанда идеологиясы аз болады

 Айнұр Шошаева 11.07.2022 | 09:30
Коллаж: Halyq Uni

Қазір отандық тарихшылар Қазақстанның жаңа академиялық тарихының жобасын әзірлеп жатыр. Соның негізінде мектептер мен университетте оқытылатын Қазақстан тарихы қайта жазылады. Белгілі қазақстандық ғалым, тарихшы Жақсылық Сәбитов аталған академиялық тарихтың бір томы – Алтын орда кезеңін жазып жатқандардың бірі. Оның айтуынша, жаңа тарих кеңестік және Тәуелсіздік жылдарында жазылған тарихпен салыстырғанда түбегейлі өзгереді. Атап айтқанда, бір рудың төңірегіндегі мифтер жойылып, есесіне Дінмұхамед Қонаевтың есімі тарихтан өз орнын табады деген пікірде.

«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН «PHILIP MORRIS» ҚАРЖЫЛАНДЫРДЫ»

– Жақсылық, қазір Қазақстанның жаңа академиялық тарихының жобасы жазылып жатыр. Оқырмандарымызға оның не үшін қажет екенін түсіндірсеңіз. 

– Қазақстанның академиялық тарихын жазу 40-шы жылдары ресейлік тарихшылардың келуінен басталды. Ермахан Бекмаханов бастаған бірнеше тарихшының көмегімен жазылды. Ол Қазақстан тарихының кеңестік парадигма шеңберінде жазылуымен қызықты, зиянсыз әр тарихшылар үшін қызықты болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді. Қазақстанның академиялық тарихы қайта жазылып, сәйкесінше, мектеп оқулықтары өзгерді. Яғни, академиялық тарихтың маңызы артты, себебі Қазақстан тарихы соның негізінде жазылады. Егер фундаментінде қате кетсе, оқушыларға берілетін білім сапасыз болады. Сондықтан тәуелсіздік алған соң академиялық тарихты жазу идеология тұрғысынан маңызды болды. Алғашқы академиялық тарих Манаш Қозыбаевтың бастамасымен жазылған бес томдық болды. Алғашқы 3-4 томдар «Philip Morris» компаниясының көмегімен 90-шы жылдары жарияланды. 5-том Тәуелсіздік пен Н.Назарбаевқа арналды. Қандай том болғанын өздеріңіз білесіздер.

Мен 18 ғасырға дейінгі орта ғасырды зерттеумен айналысамын. Ерте заман мен орта ғасырға қатысты мәліметтің бәрі ескі болғандықтан, 70-80 жылдары жазылған тарихпен салыстырғанда өзгеріс аз еді. Онда көптеген қателіктер болды.

– Мәселен? Сіздің бір сұхбатыңызда бұрынғы тарихта бұрмаланған деректер көп деп айтқаныңыз бар.

– Мысалы, Қазақ хандығының алдындағы мемлекеттің атауын алайық. Ақ Орда мемлекет емес, ол резиденцияның атауы болатын. Ол туралы Шоқан Уәлиханов жазып кетті. Біздің кеңестік медиевистер мен олардың жақтаушылары австриялық шығыстанушы Хаммер Пургштальдің идеясын қайталады. Негізі Уәлиханов оны 19 ғасырда талдады, бірақ бұдан олардың хабары болмады. Сондай қателіктер мен өзектілігін жойған ақпараттар көп болды. Есесіне сол кезде Орбұлақ шайқасына қатысқан Қарасай батыр туралы идея жақсы насихатталды. Алайда ол туралы Қазбек Тауасарұлының бір еңбегінен басқа нақты фактілер мен аргументтер жоқ. Негізі мұндай қателіктер жетеді.

Ал орта ғасыр кезеңі бір томға ғана «сыйдырылды». Бірінші том ежелгі кезең – сақ, ғұндар жайында, екінші том – орта ғасыр, үшінші том Ресейге қосылуы, кейін кеңестік кезең болатын. 2010 жылы бесінші том жарыққа шықты, ол Тәуелсіздік пен Назарбаевқа арналған. Сол кезде академиялық тарихты жазуға тырысты, бірақ оның бәрі коррупциялық даумен аяқталды. Ақша игерілді, бірақ ғылыми еңбектер жарияланбады. Жобалардың дені аяғына дейін жетпеді, жұмыс істелінгенімен, еңбектер жарыққа шықпады. Қазақстанның жаңа академиялық тарихын жазу қажеттілігі  ғылыми негіздеме тұрғысынан туындады. 90-жылдары өзекті болған мәліметтер 2021 жылы ескірген, құндылықтар өзгерді. Ескі академиялық зерттеулерде көрсетілмеген жаңа ғылыми жаңалықтар пайда болды. Мысалы, ескі академиялық кітапта ғалымдар Керей мен Жәнібек 1455-1459 жж. Әбілқайырдан кетіп, Моғолстанға кетті деп жазды. Бұл мәлімет кең таралды, барлық жерде жазылды. 5 жыл бұрын әріптесіміз Нұрлан Кенжеахмет Керей мен Жәнібектің 1447 жыл Моғолстанда болғанын ашты. Олардың 50-жылдары көшкені туралы кеңестік копцепциясы қате, оны қоқысқа тастауға болады. Сол сияқты Алматы қаласының монетасы табылды, ол көпшілікке ұсынылмады. Немесе біздің хандарымыздың монеталары 2017 жылы жарияланды. 90-шы жылдары ол туралы ешкім білмеді. Осы тарихи мәліметтердің барлығы мейлінше ғылыми негізге жақындатылуы керек. Барлық тың, жаңа деректер академиялық тарихқа енгізіліп, Қазақстан тарихы оқулығына кіруі керек.

«ҚОНАЕВТЫҢ РӨЛІ АРТАДЫ, НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ЖАЗАТЫНДАРҒА ОҢАЙ БОЛМАЙДЫ»

– Сонда Қазақстан тарихы қаншалықты өзгеруі мүмкін?

– Жаңа академиялық тарихта ғылыми бөлімін жаңарып қоймай, кейбір кезеңдерді кеңейту көзделіп отыр. Бұған дейін 5 том болса, ендігі тарих кем дегенде 7 том болады. Мәселен, бұрын тек бір томға сыйған Түркі қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы үш томға бөлінеді. Ақпарат көп болғандықтан, оның әрқайсысын терең қазып, жеке дара жарияланады. Бүгінде тарихшылардың 90 пайызы 18 ғасырдан бастап қорғайды. Ал қалған аз бөлігі палеолит, мезолит, неолиттен бастап, 17-ғасырға дейін ауқымды кезеңді зерттеп жүр. Бұл тарихтағы кадр тапшылығын білдіреді. Қазір жаңа тарихта қазақтың орта ғасырдағы тарихын кеңінен зерттеп, жазу міндеті тұр. Академиялық еңбекте тарихымызды дефрагментациялаудан арылады. Себебі советтік тарихта нешетүрлі фрагменттерді ойлап тауып отырды. Ғалымдардың өзі оқып отырып түсінбейтін. Мысалы, Әбілқайыр хандығы, көшпелі Өзбек хандығы туралы мәліметті алып тастау керек. Сол сияқты Назарбаев мемлекеті деген ұғымды жою керек. Мемлекет оған дейін болған, одан кейін де бола береді. Оның тұсында жеке мемлекет болды деген түсініктен арылу қажет. Өйткені олай айтуға ғылыми негіз жоқ, ол саяситехнология ретінде пайдаланылған ақпарат. Кеңестік кезеңдегі көптеген бұрмаланған фактілермен қатар, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі көптеген фактілерден бас тартамыз.

– Қазақстанның жаңа тарихына Назарбаев қалай енеді? Жалпы, оның есімі оқулыққа енуге лайық деп айта аласыз ба?

– Мен орта ғасыр кезеңімен айналысамын. Тәуелсіздік туралы соңғы томды жазып жатқан әріптестеріме қиын болайын деп тұр. Себебі олар қазір болып жатқан оқиғалардың тоғысында тұр: қоғам, экс-президентті даттаушылар мен жақтаушылар, сондай-ақ қазіргі президент бар. Саясатқа қызығатын адамдардың сынына қалатын солар. Палеолит дәуірі мен Алтын орда кезеңінде болған оқиғалар елді аса қызықтыра қоймайды, ал заманауи саясат туралы жазылғандар қызу пікірталас тудырады деп ойлаймын. Меніңше, жаңа тарихта Дінмұхамед Қонаевтың рөлі артатын болады. Себебі Назарбаевтың кезінде Қонаевты минималды түрде берді. Тіпті, оқып отырып Қазақстан үшін түк істемеген адам сияқты сезімде боласың, өйткені оны тарихта бірнеше рет негативті түрде жазылды. 20 жыл билікте болған адамның атын тарихта аз ғана жазудың артында мемлекеттік тапсырыс тұр немесе жазған адамдардың оған деген жеке жеккөрініші тұр ма деген ой туындайды. Енді тарихи әділдік орнап, Қонаев тарихтағы орнын алады. Ал Назарбаев туралы тарихта не жазылатыны маған да қызық. Өйткені ол әлі тарихқа айналмаған, өмірде бар адам. Не жазылатынын уақыты келгенде көреміз. Сол томның авторларына оңайға соқпайтыны анық.

«ҚАРАСАЙ БАТЫР ТУРАЛЫ МИФ ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЯДЫ»

– Назарбаев дәуірінде тарих пен идеология бір ғана руды басқа рулардан артық қойып, асыра мақтағанын көрдік. Тіпті, мемлекеттік бюджетке түсірілген мультфильмдер мен көркем туындылардың негізінен бір батырдың төңірегінде болды. Қазіргі президенттің кезінде сондай үрдіс байқалады ма?

– Менің ойымша, ондай үрдіс жоқ. Қазіргі президенттің ондай мақтау-мадаққа қызықпайды. Бұрынғы президент құсап жетінші атасы Қарасай батырды мадақтауға мұқтаждығы байқалмайды. Қарасай батыр Шапырашты руы үшін культ тұлға болды, негізі оны тым әсіре мифке айналдырып жіберген. Тіпті, Қарасай батырдың өмір сүрген кезі деп жүрген кезең қате болуы да мүмкін. Біріншіден, ол  17-ғасырда емес, 18-ғасырда өмір сүрген. Екіншіден, ол Орбұлақ шайқасына қатыспаған. Тарихты жазған адамдардың фантазиясы. Үшіншіден, Қарасай батырдың Солтүстік Қазақстандағы мавзолейі оның мазары болмауы мүмкін. Сол жаққа жол салып, жарық пен газ тартылғанын қалаған пысық адамдар болды. Олар отбасының (бірінші президенттің отбасы) кейбір мүшелеріне өтірік айтып, сендірген. Мен ол жерде башқұрт батырының зираты бар деп естігем. Бәріміз Қарасай батырдың солтүстіктің бір жерінде қаза тапқанын білеміз, бірақ ол Солтүстік Қазақстан облыс екеніне нақты дерек жоқ. Сондықтан мұндай мифология тарихтан алынуы керек. Менің бір досым «Орбұлақ шайқасына қатысқандар әр адамның аты-жөнін білетін боламыз» деп қалжындайды. Ортағасырлық жазбаларда Орбұлақ шайқасына қатысқандар туралы ешқандай дерек жоқ, соған қарамастан қолдан миф жасалып, тарихқа енгізіліп жатыр. Бұған қоса, Орбұлақ шайқасы Алматы облысында болған деп жүр. Ол Алматы облысы емес, Түркістан облысында болу ықтимал. Осы шайқасқа қатысты тапқан бір мәліметіміз осы күнге дейін қалыптасқан пікірді түбегейлі өзгертеді. Жаңа дерекке сәйкес, жоңғарлар Жалаңтөс Баһадүр 20 мың қолмен көмекке келгендіктен кейін шегерінген жоқ. Олар өзбек ханзадасы Абдулазизді тұтқынға алғысы келді. Жәңгірге көмекке 20 мыңнан 3 отряд келді. Сол себепті бұл шайқас қазір айтып жүргеннен басқаша болған.

– Экс-президенттен бөлек, билікте болған шенділер өз рулары туралы аңыз құрастыруға әуес болды.

– Құдайға шүкір, 90-шы жылдары жазылғандықтан, ол мифтер кең таралып үлгермеді. Максимум Қарасай батыр туралы миф кең таралып, академиялық тарихта еніп кетті. 2000-жылдардағы мифтер айтылып бастағанымен кітапқа жазылмады.

– Демек, Сіз жаңа тарих түбегейлі өзгереді деп ойлайсыз...

– Қазақстан тарихы түбегейлі өзгереді. Меніңше, картографиялық материалдардың болғаны дұрыс. Мысалы, Әл-Идрисидің картасында Қазақстанның 40 жуық қаласының картасы бар. 12-ғасырдағы картадан біз Тараз бен Исфиджабты (қазіргі Шымкент қаласы) білеміз. Қалған қалаларды білмейміз, оны ешкім зерттеген жоқ. Мектеп оқулықтарында ол туралы мәлімет жоқ. Бұған қоса палеогенетика бойынша ашылған жаңалықтар кірсе екен деймін. 2017 жылы Зейнолла Самашев пен әріптестерінің ғылыми еңбегі шықты. Онда шығыс сақтар мен скифтер түрлі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ, қырғыз, Сібірдегі түркілердің арғы аталары екені палеогенетика деңгейінде дәлелдеді. Осындай жаңалықтар академиялық тарихқа енгізіледі деп үміттенемін. Жалпы, кітапқа замануи ғылымға жақын дүниелер енгізіліп, 90-шы жылдары «Филипп Мористің» қолдауымен жазылған ескі ақпараттар ығыстырылады деп ойлаймын.

– Мемлекеттің тарихын жазу идеологиялық, тіпті стратегиялық жұмыс деуге болады. Бұған шетелдік компанияны тарту қаншалықты дұрыс?

– 90-шы жылдары мемлекетте ақша болмады. Манаш Қозыбаев осы жобаны қаржыландыра алады-ау деген шетелдік демеушілерге барды. Өз басым бұл компанияға ризамын, себебі мемлекет ғылымды қаржыландырмай отырған жағдайда олар Қазақстанның академиялық тарихын жазуға қажетті ақшаны тапты. Сондықтан дәл осы жағдайда оларға алғыс айтуға болады.

– Қазір Президент Тоқаев өзі айтпақшы Жаңа Қазақстан немесе екінші республика құрып жатыр. Оқушылар тарих пәнінен Жаңа Қазақстанның басталғаны туралы оқуы керек пе?

– Бұл сұрақтың жауабын заманауи тарихты жазатын әріптестерім бере жатар. Себебі мен ежелгі, көшіп-қонып жүрген ескі Қазақстанды жазамын.

– Әріптестеріңізге ысыра салдыңыз. Онда тарихшы ретінде Қаңтар оқиғасы тарихқа қалай және қандай атаумен енуі керек деп ойлайсыз?

– Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу біткен жоқ. Мәліметтердің құқиялығына байланысты осы академиялық тарихқа енбейді, одан кейін шығады деп ойлаймын. Академиялық тарих жобасы осы жылдың желтоқсанында 70-80 пайызға дайын болып, 2023 жылы редакциялау болады. Оған дейін Қаңтар оқиғасының материалдары тарихқа жазу үшін қолжетімді болады деп ойламаймын. Қаңтар бойынша қылмыстық істердің томдары көп болады, сондықтан ол көпшілікке ұсынылмайды. Оның үстіне қазіргі заманның тарихы тым саясиланған. Біраз уақыт өтуі керек. Тарихшы - тарихты зерттейтін, эмоциясыз, біреуге жағуды көздемейтін, оған мотивациясы жоқ адам. Қаңтарды айтпағанда кеңес заманының архивтері әлі ашылмаған, құпия күйінде қалып отыр.

– Қазір қоғамда Қаңтар оқиғасы Желтоқсан оқиғасы сияқты тарихта қалуы тиіс деген пікір бар.

– Сөзсіз, ол тарихқа ену керек. Алайда сол Желтоқсанның өзі әлі жіті зерттелмеген. Кейбір адамдар жүздеген адам қаза тапты деп айтады, кейбіреулер мұны жоққа шығарады. Кәсіби тарихшылар Желтоқсанды зерттей алмай келеді. Мәселен, 86-шы жылы қудалауға ұшырап, қазір құқық қорғау органдарында басшылық қызметте отырғандар болуы мүмкін. Олар бұл істің архивтерінің ашылғанына мүдделі емес шығар. Тарихшылардың дені кеңестік кезең мен қазіргі заманды зерттегенімен, арасында өрескел қателік жіберетіндер бар. Бір ғана қателік мені қатты таңғалдырды. Біз Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығын тойладық. Оны 1866 жылы туды деп жүрдік. Кейін ресейлік тарихшы Виктор Козодой бірнеше жыл бойы Бөкейханов туралы кітап жазып, оның 1866 жылы емес, одан кейін туған аргументтерді келтіре отырып, дәлелдеді. Қазақ тарихшылары мен алаштанушылар жиналып, айтқан мәліметтері жалған болып шықты. Козодой ол қателіктің қайдан шыққанын түсіндіріп берді. Бізде алаштанушылар мен әлихантанушылар жетеді. Ғалымдар кеңестік кезеңді көп зеттеген сияқты көрінгенімен, іс жүзінде жеткілікті зерттелмей жатқанын байқауға болады. Бір әріптесім қазақ даласындағы ашаршылық небәрі 10-15 пайызға ғана зерттелгенін айтып отыр. Біз жалпы сандарды білеміз, бірақ терең зерттелмей жатыр. Яғни, барлық кезеңдерге қатысты проблема бар. Желтоқсанның нүктесі әлі қойылмады.

«БИЛІК «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАН» БАС ТАРТУЫ МҮМКІН»

– Рухани жаңғыру бағдарламасы басталғалы 5 жыл өтті. Сіздіңше бұл бағдарлама күткен нәтиже берді ме?

– Бұл жоба атауы болмаса, бір-бірімен байланысы жоқ бірнеше түрлі бағдарламаны біріктірді. Егер жүзеге асырылған жобалардың материалдары қолжетімді болса ғана, бұл жоба туралы бірдеңе айтуға болады. Ал ішіне үңілмей, сырттай бағалау кәсібилікке жатпайды. Меніңше, билік бұл бағдарламадан бас тартады немесе атауын өзгертеді. Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрадан бас тартады деп ойлаймын.

– Тәуелсіздік жылдарында бұрынғы кеңес елдері тарихын зерттеуге қаншалықты көңіл бөлді?

– Мемлекет қаншалықты бай болса, тарихи зерттеулерге көп көңіл бөлді. 

– Біз қайыршы ел емес сияқты едік...

– Келісемін, бізда ақшамыз жеткілікті еді. Бірақ бір жағынан қаржының пайдалы әсер коэффиценті жоғары болмады. Атап атқанда, бір жақсы бағдарлама болды, соның аясында халтура шығарды. Оған көп ақша жұмсалды, алайда серияға жауапты адамға байланысты бір бөлігі пайдалы, енді бір бөлігі түкке тұрғысыз болды. Сондай-ақ біздің тарихшыларға бүгінде жөнсіз сөздерімен танылған ресейлік ұлтшылдар көп көмектескен сияқты. Өйткені тарихты үшінші сыныптың деңгейінде білетін адамдардың аузын жабу үшін түрлі жаңа бағдарламалар ойлап табу сәнге айналды. Тарихшылар үшін көп нәрсені шекара және т.б. мәселелер туралы айтып жүрген ресейлік ұлтшылдар жасады. Жалпы, барлық елде кеңестік кезде оқыған ескі толқын кетіп жатыр.

– Қазақстанда қай саланы алсақ та, кадр тапшылығы байқалады. Өзіңіз қазіргі заман тарихымен айналысып жүрген тарихшылардың көп екенін айттыңыз. Назарбаев пен Тоқаевтың дәуірін зерттеп жүрген ғалымдар көп пе?

– Орта ғасырды зерттеушілерге қарағанда көп. Бұл өкінішті дер едім. Соңғы 20-30 жылды зерттегеннен, оның алдындағы екі мың жылдықты зерделеген әлдеқайда маңызды деп есептеймін. Әрине, заманауи тарихпен айналысқан оңай, материал жеткілікті. Ал ерте кезең мен орта ғасырдан қорғау үшін мықты дайындық керек.

– Замануи тарихты жазатындарға биліктен қысым болуы мүмкін бе?

– Меніңше, олар еш қысымсыз-ақ не жазу керегін біледі. Қазір жазылып жатқан Қазақстанның жаңа академиялық тарихының бұрынғыларға қарағанда идеологиясы аз болады. Қалай болғанда да, көптеген саяси, халықтық және мемлекеттік мифтерден құтыламыз.

Сұхбаттың II бөлімі

Серіктес жаңалықтары

Сараптама