×

Түркістан облысында шаруалардың екі жылға деп жиған шөбі бір түнде жанып кетті

Шаруалардың айтуынша, қорада 35 миллион теңгенің жем-шөбі болған

Halyq Uni

Түркістан облысы Түлкібас ауданында шаруашылықпен айналысатын екі отбасының жинаған шөбі бір түнде жанып кетті. Тастұмсық ауылындағы екі шаруашылық бір-біріне қарама-қарсы орналасқан, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шаруалардың айтуынша, өртенген шөп қораға ауыл тұрғындары әу баста қарсы болған.

«Тастұмсық ауылының тұрғындары бізге бұған дейін қораларыңды өртеп жібереміз деп айтқан. Одан кейін әкімдік қораға өтетін жолды көлік өте алмайтындай етіп қазып тастады. Әкімге осы мәселені айтып бірнеше рет бардық. Жолды әне ашамыз, міне ашамыз деп жүргенде шөп өртеніп кетті», - дейді қорасы өртенген Бахтияр Қасымов.

Өрт шөп қорадан 18 қыркүйек түнде шыққан. Өртті сөндіруге 6 арнайы көлік келген. Алайда олар оқиға орнына жете алмай жарты сағат жолда бөгелген. Шығынға батқан шаруалар бұған әкімдікті кінәлап отыр.

«Өрт сөндіру көліктері өте алмай тұрды. Ауылдасыма өтініш айтып, өткел болатын құрал әкелдім. Арнайы көліктер содан кейін ғана өтті. Бірақ ол кезде тым кеш болды. Қорадағы шөп түгелдей жанып кетті. Біз 2 жылға жететін мал азығын жинап қойған едік», - дейді Бахтияр Қасымов.

Олардың сөзінше, бір түнде 35 миллион теңгенің жем-шөбі жанып кеткен. Олар мұны біреу әдейі жасағанына сенімді. Себебі бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі қора бір уақытта жанған.

«Екі қора қатар орналаспаған, қарама-қарсы тұр. Екеуінің бір уақытта жануы күдік тудырады. Өзінен-өзі от шығуы да мүмкін емес. Мұның қолдан жасалғанына сенімдіміз», - дейді шаруа.

Бахтияр Қасымовтың жүзден аса малы бар. Мал шаруашылығымен айналысатын ер адамның туыстары шөп әкеліп, көмек көрсетіп жатыр. Алайда ол мұның қыстан шығуға жетпейтінін айтады. Себебі өңірде шөп жинау маусымы аяқталған.

Бұл жағдайды жергілікті атқарушы орган бақылауға алды. Төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебін анықтау мақсатында сараптама тағайындады.

Түркістан облысы полиция департаменті аталған өрт бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тексеру барысында өрттің түнгі 3:30 шамасында шыққаны анықталды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Шығын көлемі анықталып жатыр.

Қазір Түлкібас АПБ-мен Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама