×

Қарағанды облысында 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

«Жер аманаты» комиссиясының мүшелері өңір тұрғындарымен кездесті

 Динара Амантай 16.09.2022 | 13:55
Фото: amanatpartiasy.kz

Қарағанды облысында 1 миллион гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жергілікті тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жердің жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселені талқылады.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмен деңгейі, дизель отынының бағасы және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Үш айдың ішінде «AMANAT» партиясының араласуымен 10 өңірде 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында 1 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Біз бұл істі тоқтатпаймыз. Осы бағыттағы тұрақты жұмысты жалғастырамыз», – деді Асхат Оралов.

Сонымен бірге мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жайылым тапшылығы жер саласындағы жалғыз мәселе емес екенін атап өтті.

«Ауыл тұрғындары мен шаруалар жер пайдалану құқығына, жер пайларын бөлуге қатысты бірқатар мәселе көтеруде. Кездесулер қорытындысы бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі», – деді ол.

Бұған қоса белгілі заңгер Бақытжан Базарбек комиссия мүшелері жайылымдардың әділ бөлінуіне қол жеткізуді жалғастыратынын атап өтті.

«Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар барлық жайылымнан шеттетілді. Ауыл тұрғындары мұндай комиссияны күтіп отырғанын көріп отырмыз. Бәрін тексеріп, қазірде кейбір олигархтардың жерін мемлекетке қайтарып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын: заң алдында бәрі тең», – деді заңгер.

Сол күні партияның Қарағанды облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама