×

30 жыл мектеп салынбаған: Нұрлы жол ауылының балалары жатақханада 4 ауысыммен оқиды

Сынып, уақыт жетпегендіктен әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар

 Еркеғали Болатұлы 16.09.2022 | 11:19
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында мектеп болмағандықтан, оқушылар ескі жатақхана ғимаратында төрт ауысыммен оқуға мәжбүр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, 70-жылдары алма мен жүзім терушілерге жатақхана ретінде салынған ғимарат 30 жыл бойы «Б. Омаров атындағы №50 мектеп» болып тұр. Содан бері тақтасы мен партасы да ауыспаған. Қазір ондағы 670 оқушы он кабинетке сығылысып, 70 мұғалім дәліздің бір бұрышында отыр. Тіпті төрт ауысымға үлгеру үшін бір сабақ 35 минутқа дейін қысқартылған.

Сынып, уақыт жетпегендіктен бізде әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін сынып керек, - дейді Ботагөз Медешова атты тұрғын.

Қазір аядай ғимаратта тынысы тарылғанын оқушылар түгіл, мұғалімдер де мойындап отыр.

Санэпидстанция стандартқа сай емес дейді. Тақта, парта тесік. Есік алдында асфальт жоқ. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Есік алдына қолдан келгенше цемент құйдық. Оқушылар мұзда тайғанап құламасын деп шатыр істедік. Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, - дейді мектеп мұғалімі Ержан Бекназаров.

Бұл мәселемен ауыл тұрғындары 7 жыл бойы білім бөлімінен бастап, облыс әкіміне дейін барған. Тұрғындар ауыл ішінен мектепке деп өз жерін беріп, құжатын да реттепті. Ал шенеуніктер мектеп жанынан жаңа ғимарат салуды биыл бір-ақ жоспарлаған.

Қазір 300 орындық мектептің құрылысы жоспарланып жатыр. Мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион теңгеге қазан айынан бастап шұңқыр қазылады. Жалпы құны – 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге. Келесі оқу жылында пайдалануға беру жоспарланған, - дейді Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов.

Оның айтуынша, жаңа мектептің құрылысы бір жылда аяқталады. Егер білім ошағы уақытында салынса, Нұрлы жолдағы төрт ауысымды сабақ кестесі толық жойылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама