×

Түркістан облысында оқушылар арасындағы төбелес адам өлімімен аяқталды

Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр

 Динара Амантай 15.09.2022 | 13:47
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында оқушылар арасындағы жанжалдан кісі өлімі тіркелді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Түркістан облысы ПД кезекші бөліміне Кентау қаласының маңындағы ауылдардың бірінен пышақ жарақатын алған жас жігіттің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ол кәмелетке толмаған, жергілікті тұрғын, 10-сынып оқушысы болып шықты.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен Түркістан облысы ПД басшылығы, сондай-ақ прокуратура өкілдері шықты.

Анықталғандай, түн ортасында екі ауылдың кәмелетке толмаған тұрғындары арасында тұрмыстық негізде жанжал туындаған. Аталмыш ауыр қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алды. Күдіктілерді ұстау бойынша басқа да шұғыл шараларды іске асырды. Осылайша полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде көрші ауылдың тұрғыны анықталып, ұсталды.

Қазір ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жанжалдың қалған қатысушыларын ұстау шаралары атқарылып, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама