×

«Қолы алтын хирург». Павлодардағы кардиоорталық дәрігерлері тергеуге алынған бұрынғы басшысына араша түсті

Дәрігерлер Тоқаевтан қызметінен босатылған басшысын қайтаруды сұрап отыр

 Данияр Айтпайұлы 14.02.2022 | 13:30

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр. Жергілікті жұрт «қолы алтын хирург» атап кеткен мекеменің бұрынғы басшысы Әділжан Әлбазаровтың мәселесі тұтас орталықты әбігерге салып отыр екен. Әлемде сирек, ал Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған күрделі отаны сәтті өткізген ол мекемеге аудит жүргізілген соң қызметінен қуылған еді. Әріптестері мұны мекеме жұмысына жасалған қысым деп бағалап отыр.

Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Ә.Әлбазаровтың жұлдызды сәті мен сәтсіздігі қатар келді. Білікті кардиохирург семейлік Қайрат Қайранбековтің жүрек қолқасын ауыстырып, орнына протез салған. Мұндай ота Қазақстан тарихында алғаш жасалды. Алайда бұл қуаныш көпке созылмады. Кардиохирург дәл сол сәтте жұмысынан қуылды. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейтқазиновтың айтуынша, Ә.Әлбазаров баға жетпес дәрігер болғанымен, басшы ретінде осал екен.

«Әділжан Бауыржанұлының кәсіби шеберлігі жоғары дәрігер екеніне дау жоқ. Облыс үшін таптырмас білікті маман. Бірақ кардиохирург ретінде мықты болғанымен, басшы ретінде біраз кемшіліктерге жол берген. Ол, бірінші кезекте, мекеменің қаржылық жағдайына да жауапты еді. Алайда облыс әкімдігі аппаратының ішкі аудиті жүргізген тексеріс нәтижесі орталық қызметіне қатысты бірқатар олқылықтың бетін ашып берді», – дейді басқарма басшысы.

Әділжан Әлбазаров басқарып отырған тұста кардиологиялық орталықтың лицензиясының уақыты өтіп кеткен. Салдарынан, мекеме мемлекеттік тапсырыстардан тыс қалған. Былтыр орталықта жөндеу жұмыстарын өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қомақты қаражат бөлінген. Алайда бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылмаған. Бұдан бөлек, былтыр жалпы құны 400 млн теңге тұратын антиограф аппараты сатып алыныпты. Өкінішке қарай, ол әлі күнге дейін іске қосылмаған.

Мемлекет басшысынан көмек сұраған орталық ұжымының мәлімдемесінде бірнеше жылдан бері бірлігі жарасқан ұжымға қысым көрсетіліп келе жатқаны айтылған.

«Жергілікті атқамінерлер орталықты жекеменшік қолға беруге тырысуда. Алдымен бізді Павлодар қалалық №3 емханасымен біріктірмекші болды. Бұл кардиоорталық жұмысына, медициналық қызмет сапасына кері әсерін тигізеді. Біздің мекемеге басшылық еткен Әділжан Әлбазаров өз ісінің нағыз шебері еді. Көптеген адамның өмірін арашалап қалған білікті маман. Жұмысын қалтқысыз орындаса да, қудалауға ұшырауда. Аудиттік тексерістің нәтижесі де күмән тудырады», - дейді дәрігерлер.

Орталық ұжымы Мемлекет басшысынан Павлодар облысының денсаулық сақтау саласында болып жатқан кемшіліктерді түзетуге қолдау көрсетуді, құзырлы орган басшыларының құзіреттілігін тексеруді, Ә.Әлбазаровты бұрынғы жұмысына қайтаруды сұрап отыр.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар кардиологиялық орталық жекеге берілмейтінін айтты.

Қазір қызметінен босатылған Ә.Әлбазаровтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама