×

Нәрестелерді сатқандар мен жасөспірім қыздарды жезөкше еткендер ұсталды

Қылмыстық топ өздерінің балаларынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдерді және баласы жоқ отбасылық жұптарды іздестірумен айналысқан

 Еркеғали Болатұлы 12.09.2022 | 14:28
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының полицейлері жаңа туған сәбилерді сату фактілерін анықтады. Бұл туралы ІІМ-де өткен брифинг барысында баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы өздерінің балаларынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдерді және баласы жоқ отбасылық жұптарды іздестірумен, сондай-ақ балалардың туу туралы жалған куәліктерін дайындаумен айналысқан.

Аталған факті бойынша «Кәмелетке толмағандарды сату» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сондай-ақ ол Маңғыстау облысында ҚР ҚК-нің 125-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Адамды пайдалану мақсатында ұрлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полицейлер зорлық-зомбылық қолдану арқылы 30 жастағы әйелді жезөкшелікке салу үшін ұрлап әкеткен 43 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.

Абай облысында 32 жастағы әйел ұсталды. Ол үш апта бойы 17 жастағы кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға итермелеп, ақшаны өзіне алып жүрген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 134-бабы 1-бөлігі («Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу») бойынша бірыңғай тізілімге тіркелді. Бүгінде тергеу жүргізілуде, – деді ІІМ ресми өкілі.

Сонымен қатар, жезөкшелік қызмет көрсеткен 20-дан аса притон анықталып, тіпті Шымкентте кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама