×

«Аса қатыгездікпен қорлайды» - Шымкенттегі интернат балаларының шағымы (ВИДЕО)

Тексере бастаған іс сол сәтте-ақ жабылып қалған

 Еркеғали Болатұлы 12.09.2022 | 11:55
фото: ашық дереккөз

Заңгер Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасына өзінен көмек сұраған бойжеткеннің интернаттағы жағдайлар туралы айтқан сөздерін жариялады.

Балалардың барлық шындықты айтқан видео да бар. «Ақша сұрайды, ұрып-соғады» деп қорқақтап сөйлеп тұр олар. Айтуларынша, интернаттың барлық былығын сондағы қызметкерлердің бірі сатып алып, жаптырып тастайтын көрінеді.

«Мен Зарема Бақытжан, Шымкенттенмін. 19 жастамын. 2013 жылы вич инфекциясы диогнозы табылды. Сол уақыттан бері учётта тұрамын. Шымкентте ана мен бала орталығы бар. Осында барлық балалар бірге өскенбіз, ем қабылдаймыз. Бәрміз ВИЧ-пен ауырамыз және осы жерде бұрыннан келе жатқан И. және С. деген деттомист қыз бен бала бар. Екеуі де 14 жаста. Мен бұрыннан танимын бұларды. 09.09.2022 жылы күні осы ана мен балаға ем қабылдауға жаттым. Жатқанымда осы екеуі – С. мен И. бар екен.

И.-дің қолдары көгерген, беті тыртық-тыртық. «Не болды?» деп сұрағанымда, өздері жатқан Ленгер көмекші интернатындағы барлық зорлық-зомбылықты айтып берді. Сол жердегі балалардың зорлайтынын, ұратынын, ыстық суға түсіретінін, тәрбиешілер мұны білсе де ештеңе істемейтінін, керісінше, тәрбиешілерге шағым айтып барса, олардың өздері ұрып, сол жерде жатқан үлкен балаларға таяқ беріп, тағы да сапқа тұрғызып, тәрбиеле деп айтатынын жеткізді.

Аса қатыгездікпен қорлайтынын айтты. Барлығы видеода айтылған. Мен бұған шыдай алмай, мамама жібердім видеоларды. Сосын осы ауруханадағы бұрыннан келе жатқан мамашаға жібердім. И.-дің қолдары көгеріп түссе де бұл жердегі қабылдап алған врачтар ештеңе демеген. Мамаша осы жердегі дәрігерге звандап, баланың көгеріп түскеніне неге ештеңе демей қабылдағансындар деді. Сосын дәрігер мені шақырып алып, кімге қандай фото жібердің деп тергеуге алды. Менің жүйкеме тиіп жылатты. Мен баланы зорлаған, қолдары көгергенін көріп тұрып ештеңе демедіңдер дедім. Сосын мамаларым келіп, полиция шақыртты. Барлығы айтылды, зорлағандарын, видеоларды көрсеттім. Балалармен де жеке сөйлесті. Олар да айтты. Полиция шақырылған кезде біздің вич инф. қорғау президенті Жанетта Жазықбаева келді. Осы жердегі врачтар оған тез хабар беріп, шақыртып алды. Ол интернатқа балалардың жағдайын біліп, еш бармаған. Соңғы рет 3 жыл бұрын бардым деді. Полиция шақырылған кезде врач компьютерге баланың выпискасына көгеріп түсті деп қосып жазып жатты. Интернаттағы тәрбиешілері де, медиктер де келді, ешқандай шындарын айтқан жоқ.

Менен жеке түсініктеме алып жатқанда, қасымдағы полицияға көзімше звондады. Сырттан «тез-тез шықсай» деп айтқаны телефоннан естіліп тұрды. Сосын қасымдағы полиция «Не болды, сразу айнып кеттің ғой?» деді. Ал телефонның арғы жағынан «мына жақта бәрі звондап шығып кетті, қоя сал» деп айтты. Сол жерден бастап сол полиция өзімізге қарсы шықты.

Барлығы «екеуі де психический больницада учетта тұрады» деп айныды», - дейді шағымданушы.

Оның айтуынша, тексере бастаған іс сол сәтте-ақ жабылып қалған. Ал түнде әлгі зорлық-зомбылық көрді деген екі баланы алып кеткен.

Біз медицинаның кесірінен вич инфекциясын жұқтырдық. Енді мына балаларға көрмегенді көрсетіп жатыр. Қорғайтын ешкім жоқ. Мен осы больницада барлық әділетсіздіктерді көріп өскен адаммын. Бізді қорғайтын қорғау қорының басшысы Жанетта Жазықбаева бәрін сатып алады. Сол істі жаптырды, - деп жазылған шағымда.

Сондай-ақ жазбада Шымкентте әділдіктің жоқтығы, қызметкерлердің бәрі бір-бірімен сыбайлас екені айтылған. Тергеуге алынған істі лауазымы жоғары шенеуніктердің өздері тез жаптыра салатын көрінеді. Қазір сонда жатқан жасөспірімдердің қолында интернаттағы барлық былық-шылық туралы фото, видеоайғақтар жеткілікті екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама