×

57 жастағы «банкир» жоқ пәтерлерді сатқан

Жәбірленушілер пәтерін 10 жыл бойы күткен

 Дәурен Ерболат 12.09.2022 | 11:00
Фото: polisia.kz

Алматыда полицейлер жоқ пәтерлерді сатқан 57 жастағы «банкирді» ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында А. есімді әйел өзін екінші деңгейлі банктердің бірінде жұмыс істеймін, кепілге қойылған мүлікке жауаптымын деп таныстырған. Осылайша, ол Алматыда жоқ пәтерлерді сатқан. Күдіктінің алаяқтықпен айланысқаны полицияға бірнеше тұрғын арыз жазғаннан кейін белгілі болды.

Күдікті 2012-2013 жылдары заңға қайшы әрекеттерге барған. Ол өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, пәтер беремін деген сылтаумен адамдардан ақша талап еткен. Алдын ала төлем пәтердің шаршы метріне байланысты болған. Мысалы, күдікті 3 бөлмелі пәтерге 70 мың доллар, 1 бөлмелі пәтерге 17 мың доллар алған. Ақшаны алғаннан кейін «іскер» әйел байланысқа шықпаған, - дейді Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының басшысы Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Оның айтуынша, «банкир» әйел қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.  

«Бүгінде А. есімді әйел ұсталды. Қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілді. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы («Алаяқтық») бойынша жүргізіліп жатыр. Күдіктінің осыған ұқсас 4 эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Оның 2014 жылы осындай қылмыс істегені үшін сотталғаны белгілі болды. Шығынның жалпы көлемі анықталуда», - деді Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Әйелдің әрекетінен зардап шеккендер төмендегі телефон нөміріне хабарласа алады:

8-701-732-86-54 және 8-701-624-28-24.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама