×

«Қаладан кетіп қалды деген ақпарат бар». Ұлы зейнеткерді қағып кеткен павлодарлық депутат жағдайды түсіндірді

Павлодарда депутаттың ұлы көлігімен 80 жастағы кейуананы қағып кеткен

 Данияр Айтпайұлы 07.09.2022 | 18:08
фото: жәбірленуші мен мәслихат депутаты

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Сайлау Уразбаевтың 20 жастағы ұлы жаяу жүргіншілерге арналған жолақпен жолдың арғы бетіне өтіп бара жатқан 80 жастағы кейуананы қағып кеткен. Түрлі жарақат алған зейнеткер емханаға жеткізілген.

Алефтина Тишкова - сексеннің сеңгірінен асқан көпбалалы ана. Әлі де тың. Бұған дейін денсаулығына қатысты шағымы болмаған. Ол ешқашан ауруханаға түсіп, ем қабылдап көрмегенін айтады. Бұл жолы да зейнеткер ауруханаға жатудан бас тартып: «ең бастысы сүйегім сау, дене жарақаты басылар» деп отыр.

Не болғанын түсінбей қалдым. Жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа табаным тигені сол еді, қатты соққыны сездім. Ұшып бара жатқаным, құлағаным есімде. Одан кейін не болғанын білмеймін, - дейді жәбірленуші.

Көлік қаққан Алефтина Тишкова бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Есінен танып қалыпты. Кейін анықталғандай, көлік тізгінінде облыстық мәслихат депутатының 20 жастағы ұлы болған. Жағдайдың қалай болғанын түсіндірген ол «Күнге көзім шағылысып жаяу жүргіншіні көрмей қалдым» депті. Оқыс оқиғадан кейін жас жігіт үйіне қайтқан. Ал, жәбірленушінің отбасы халық қалаулысының баласы мүлде жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып отыр.

«Көлік тізгінінде қарапайым адам отырса, оны күдікті ретінде бірден қамауға алар еді деп ойлаймын. Ал депутаттың баласы бостандықта жүр. Тіпті қаладан кетіп қалған деген ақпарат естідік», - дейді жәбірленушінің ұлы Вячеслав Тишков.

Облыстық полиция департаментіндегілер сот-медициналық сараптамасының нәтижесін күтіп отырғанын айтады. Оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді. Жәбірленушінің алған жарақаттарының деңгейіне қарап қылмыстық істің қозғалу, не қозғалмау мәселесі шешіледі.

Ал Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Сайлау Оразбаев ұлының жауапкершіліктен қашпайтынын айтты.

«Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Қашқан да жоқпыз. Ұлым бірден апаға көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Ол кісі емханаға жатып, ем қабылдаудан өз еркімен бас тартқан. Оқиға орнына полиция келіп, тиісті шараларды жүргізді. Ұлымның көлігін айып тұрағына жеткізді. Оқиға құқық қорғау органдарында ресми тіркелді. Бұл жерде ешкім қашып кеткен жоқ. Кінәсі бар. Ары қарай барлығы заң шеңберінде шешіледі», - дейді халық қалаулысы.

Сайлау Уразбаев 2012 жылдан бастап «NurOtan» партиясының мүшесі. IV сайланған  Ертіс аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.

2016 жылғы наурызда VI сайланған Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды.

2021 жылғы 10 қаңтарда «NurOtan» партиясынан VII сайланған Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. VII сайланған облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.

Павлодар облысы мәслихатының ресми сайтындағы ақпарат бойынша, Уразбаев ауылдық елді мекендерді абаттандыру, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, спорт және балалар алаңдарын орнату мәселелерімен айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама