×

431 адам қатерлі ісікке шалдыққан: Жетісу облысындағы қалада өндіріс қалдықтары ашық жатыр

Тұрғындар мен жергілікті экологтар мәселені шешуді сұрап отыр

 Халық үні 06.09.2022 | 12:45

Жетісу облысы Текелі қаласында ондаған жыл бойы жиналған өндіріс қалдықтары әлі күнге дейін жойылмаған. Жалпы алаңы 69,3 гектар жерді алып жатқан күресін ондаған жылдан бері ашық жатыр. Мұндағы техногендік минералдық қалдықтың көлемі – 34 мың тонна. Экологтар бұл қатерлі ісікке шалдыққандардың көбеюіне тікелей әсер ететінін айтады.

Текелі – тау-кен өндіретін кәсіпорынның негізінде құрылған Жетісу облысындағы қала. Мұнда өткен ғасырда қорғасын-мырыш өндіретін зауыт болған. Кей деректер бойынша екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған әр үшінші оқ осында жасалған. Содан шыққан қалдық 1965 жылдан бастап бір жерге төгілген.

Тәуелсіздік алған жылдарға дейін қалдыққоймаға қатысты қажетті шаралар қолданылған. Зиянды қалдықтардың тарамауы қадағаланған. Ал кейінгі жылдары бұл Текелінің экологиялық проблемасына айналды. Halyq Uni тілшісі қалдыққойманың қазіргі күйін көріп қайтты.

ТЫНЫС ТАРЫЛЫП, БАС АЙНАЛАДЫ

Қорғасын-мырыш комбинатынан шыққан қалдықтар жиналған бұл жер қалдыққойма деп аталады. Ол Текелі қаласының орталығынан солтүстік-шығысқа қарай бір-екі шақырым жердегі жотада орналасқан. Қалдыққойманың маңында су тартылып, айналасы кеуіп кеткен. Ол жерде он шақты минут ішінде тыныс тарылып, бас айналады.

Жергілікті тұрғындар ауаның лас екенін айтып, жиі бас ауыратынына шағымданды.

«Бұрын бұл қоймаға сәл де болса көңіл бөлінетін, қазір онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Сол қалдыққойма тұрған жақтан жел тұрса, шаң басып, жаман иіс шығады. Ал қаланың екінші бөлігінде қатты сезілмейді», - дейді Татьяна есімді тұрғын.

Ал қалада үш жылдан бері тұрып жатқан Үміт Жанысбаева жергілікті биліктен экологиялық жағдайды реттеуді сұрады.

Менің кішкентай балам бар, жас анамын. Болашақта да құрсақ көтергім келеді, денсаулығымызға экология әсер етпесе екен деймін. Әкімшіліктің бір шара қолдануын сұраймын, - дейді ол.

ЗИЯН ҚАЛДЫҚ АУА АРҚЫЛЫ ТАРАП ЖАТЫР

Жетісу облысы экология департаментінің маманы Данияр Өмірбековтің айтуынша, қалдықтар қатерлі ісік ауруларына себеп болуы мүмкін. Себебі ол жерде қорғасын, мырыш сияқты адам өміріне қауіпті элементтер бар. Олар қазір кеуіп, құрғап жатқандықтан, жел болса, ауаға тарайды.

Бұл жерде техногенді минералды түзілістер, ауыр металдар ластану көзі болып, қоршаған орта мен адам өміріне кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, қорғасын мен мырыштың қауіпті концентрациясы бар. Жел кезінде шаңды массалар полигоннан ауаға көтеріліп, қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Яғни, қатерлі ісік ауруларының көбеюіне әкеледі, - дейді маман.

Экологтың айтуынша, бұл мәселедан Жетісу облысы әкімдігі хабардар.

Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Текелі қаласының күл-шлак қоймасын рекультивациялауға жобалық-сметалық құжат жасаған. Оған жергілікті бюджеттен 18 миллион теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 2020 жылы 484,5 миллион теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру үшін «Жанай құрылыс-7» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Алайда жобалаушы тарапынан бірнеше мәселе ескерілмей, жоба толыққанды жүзеге аспаған. Сол жылы 92 миллион теңгеге жұмыстың 25%-ы орындалып, қалған ақша мемлекетке қайтарылған. Жобалық-сметалық құжаттамада шахта суын бұру, судың құрамына талдау жасау сияқты маңызды мәселелер есепке алынбаған. Сонымен қатар рекультивацияға қолданылатын топырақты тасымалдау шығындары есептелмеген. Осы мәселелердің салдарынан жұмыс аяқталмаған.

2020 жылы Текелі қаласының әкімі болған Бақтияр Өнербаев өзінің басшылық қызметте болғанда осы мәселені шешкісі келгенін айтты. Оның сөзінше, қандай да бір мүдделі топ қалдыққоймаға рекультивация жасауға қарсы болған.

Ол жерде өнеркәсіп қалдықтары жатыр. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлдірдім. Конкурс өтті. Конкурсты жеңіп алған компания жұмыс жүргізді. Жұмыс барысында біраз қиындық туды. Қалдыққоймадағы көлдің суын қайда жібереміз деген сұрақ туды. Адами фактор мен техникалық фактор әсер етті дер едім. Іске көп кісі араласып, істетпеуге амал жасады. Бір жарым жылда рекультивация жасап тастауға болар еді. Мен қызметтен кеткен соң не болғанын білмеймін, - дейді Бақтияр Өнербаев.

Оның айтуынша, өнеркәсіптен шыққан шайынды суды әлі күнге дейін қалдыққоймаға жасырын түрде ағызып жатқандар бар.

431 АДАМ ҚАТЕРЛІК ІСІККЕ ШАЛДЫҚҚАН

Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазір облыста 6 414 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның ішінде 431 адам Текелі қаласында тұрады. Қалада сүт безі обыры, терінің қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар көп.

Мамандардың айтуынша, терінің қатерлі ісігіне экология тікелей әсер етеді.

«Сүт безі обыры мен колоректальды қатерлі ісікке экологияның қатысы жоқ. Бірақ тері қатерлі ісігіне экология әсер етеді. Тері ауруларына мырыш пен қорғасыннан бөлінетін канцерогенді заттар себеп болады. Яғни, ол тері қатерлі ісігін тудыра алады», - дейді дәрігер Мәриям Дәлей.

Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама