×

Қаңтар оқиғасына қатысты қамауға алынған 85 адамның босатылуына көмектестік - Абзал Құспан

«Аманат» комиссиясы ұсталған тағы 29 адамның босатылуын күтіп отыр

 Айнұр Шошаева 11.02.2022 | 14:37
фото © Самат Құсайынов

Белгілі адвокат Абзал Құспан жетекшілік ететін «Аманат» комиссиясы 85 адамның тергеу изоляторынан босап шығуына көмектескен

«Аманат» комииссиясының жұмысы 24 қаңтарда басталды. Комиссия Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған жазықсыз азаматтарға жәрдемдесу мақсатында құрылды.

Бүгін Абзал Құспан комиссияның бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарының алдын-ала есебі жайында айтып, брифинг өткізді.

«Бүгін Алматы қаласы бойынша 68 адам, Алматы облысы бойынша - 9, Шымкентте 8 адамның бас шарасын өзгертіп, 85 адамды босатуға қол жеткіздік. Семей мен Өскеменде тағы 24 адам және Шымкент қаласында 5 адам босатылады деп күтілуде. Осы атқарылған жұмыстың кезінде республика бойынша Қаңтар оқиғасының толық картинасын білуге мүмкіндік тудырды. Ендігі жұмысымыз әр өңірге барып, адамдармен кездесіп, материалдарды зерттеу. Бұл көп уақыт алатын мәселе», - деді Абзал Құспан.

Адвокаттың айтуынша, «Аманат» комиссиясына екі өкілеттік берілген. Біріншісі - тергеу изоляторларына кіріп, қамауға алынған азаматтармен көзбе көз кездесіп, әңгімелесіп, олардың жағдайын тексеру. Екіншісі - сол азаматтарға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу. 

Қазір комиссия жұмысы жалғасып жатыр. Бізге билік тарапынан жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Сондықтан Қаңтар оқиғасына қатысты азаматтардың ұсталуына саяси баға беру дұрыс емес деп есептеймін. Себебі, қызметімізге мұқтаж жандар әлі де бар. Ең бастысы, жазықсыз қамалған азаматтарға көмек берген дұрыс деп есептеймін, - деп қосты ол.  

Заңгер қамауға алынған, ұсталған азаматтарды қорғау үшін қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер қажет деген пікірде.

«Жұмыс барысында қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер қажет екенін түсіндік. Осы мәселе бойынша алдағы аптада Парламент депутаттарымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Яғни, біз жекелеген адамдарды қорғап, оларға қолданылған басты бұлтартау шарасын өзгерту жұмыстарынан жүйелі жұмыстарға көшу бағытына ыңғайланып отырмыз»,- деді Абзал Құспан.

«Аманат» комиссиясының төрағасы Абзал Құспан қамауда отырған кейбір азаматтардың адвокат жалдамақ түгіл, артынан іздеушісі де жоғын айтты.

«Қазақстан бойынша қамауда 800-ден астам адам отыр. Олардың жартысына жуығының адвокат жалдамақ түгілі, артынан іздеп келетін адамы да жоқ. Бір күнде 10-15 адам шығып жатты. 10 адам шықса, үшеуінің артынан (іздеп) келетін адамы жоқ», - деді Абзал Құспан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама