×

Жастар әскерге шақырылып жатыр

1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру басталды

 Дастан Жұмабекұлы 05.09.2022 | 15:57
фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру басталды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының басшылығымен жұмысқа кірісіп кетті. Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Алдағы төрт ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатары 18-27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық адаммен толығады. Оның ішінде 8 мыңға жуық жас Қарулы күштердің қатарына қосылып, 6 мыңнан астам жас жігіт Ұлттық ұланға, 3 мыңнан астам адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 300-дей жас Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне және 100-ге жуық азамат Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.

Әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына жеке шақырту қағаздарын жіберу арқылы болады. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді. Облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары әскерге шақыру комиссияларын басқарады. 7 қыркүйектен бастап жаңа құрамалар жинау пункттерінен әскери бөлімдерге жіберілетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама