×

Қостанай облысындағы орман өрті елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді – АШМ

Өңірдегі жалпы егіс алаңының 0,1%-дан аз көлемі зардап шекті

 Динара Амантай 05.09.2022 | 10:31
Фото: azattyq-ruhy.kz

Қостанай облысындағы табиғи апат еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбейді. Бұл туралы Ауыл шаршуашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

4 қыркүйектегі соңғы деректер бойынша, орман өрті салдарынан Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының зардап шеккен егістіктерінің азғантай учаскелері бар. Бұл ретте алқаптардың жаппай өртенуіне жол берілген жоқ.

Атап айтқанда, Қарабалық ауданында 15 га дәнді және 2 га аумақта зығыр дақылдары өртенді. Меңдіқара ауданында 1 га астық жинау алқабы жойылды. Осылайша, Қостанай өңіріндегі жалпы егіс алаңының 0,1% - дан аз көлемі зардап шекті, ал өңірдегі егістіктің жалпы аумағы 5,3 млн га құрайды. Айта кетсек, облыстың шаруалары биыл 3,9 млн га дәнді және дәнді-бұршақты, 3,5 млн га бидай және 749,1 мың га майлы дақыл отырғызған болатын, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 3 қыркүйекте өңірде 1,8 млн га немесе егіс алаңының 45,3% жиналды, 1,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.

Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысындағы табиғи апат Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, өнімнің болжанған көлеміне, сондай-ақ, экспорттық уағдаластықтардың орындалуына ешқандай кері әсерін тигізбейтінін нақты мәлімдейді.

Бұған қоса ведомство астық дақылдары бойынша егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама