×

Елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуға квота азайды

Соңғы мәліметке сай, Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек етіп жүр

 Қымбат Елтайқызы 10.02.2022 | 10:59
фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқартты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еңбекмині Президенттің биылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны 16%-ға, яғни 23 560-қа дейін қысқартты, – дейді ведомство.

Бұл тапсырма Қазақстанда тапшылығы сезілетін тар мамандық пен бейінді мамандардан басқа кәсіптің барлық санатына қатысты болмақ.

«Квотаны бөлу туралы» жаңа бұйрық биылғы 4 ақпанда қабылданды. Оған сәйкес, жергілікті атқарушы органдар үшін республика аумағында еңбек ету үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған 2022 жылға арналған квота 28 352-ден 23 560-қа дейін – 4 792 бірлікке (16%) қысқарды.

Нәтижесінде 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квота мынадай түрде 4 санатқа бөлінді: бірінші санат бойынша 1 243 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 6 499 рұқсат (құрылымдық бөлімше басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 11 110 және 2 396. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 312 адам тартылуы мүмкін.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша ел аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек етіп жүр, – делінген ақпаратта.

Атап өтсек, 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат берді және рұқсатты ұзартты. Бұл белгіленген квотаның 64%-ын (29,3 мың) құрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама