×

«Дайын болу керек». Азамат Сатыбалды актер болғысы келетін жастарға кеңес берді

Ректор студенттерді оқуға тек комиссияның шешімімен қабылдайды

 Дәурен Ерболат 31.08.2022 | 14:11
фото: ОКҚ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды актер болғысы келетін жастарға кеңес берді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Ол академиялық деңгейде актерға қойылған талап барын атап өтті.

Қазақстандағы барлық театрдың сайтын ашып қарасаңыз, жыл сайын олар жас актерлерді іздейміз деп жарнама жасайды. Онда талап жазылған. Алдымен актердің бойы мен ішкі күші болуы керек.... Оқуға түсерде комиссия мүшелері болашақ актердің даусын, вокалын, сахна шеберлігі мен бойына қарайды. Барлығы дауыс беру арқылы шешіледі, - деді Азамат Сатыбалды ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ректор болашақ актерлерді оқуға тек комиссияның шешімімен алады. Осыған байланысты Азамат Сатыбалды ата-аналар мен жастарға кеңес берді.

Қазір мен 45 жастамын. Өткенде бір киноға өтпей қалдым. Маған сіз кастингтен өтпей қалдыңыз деді. Енді мен не істеуім керек? «Я народный артист» деп шу шығару керек пе? Біздің өміріміз осы. Сондықтан ата-ана баласын өнерге жібергенде «Балам, сен осыған дайынсың ба?» деп сұрап, оны дайындау керек. Себебі, актер өмір бойы кастингтен өтеді. Кино мен театрға барасың, кастинг. Театрдағы рөлді алу үшін де кастингтен өтесің. Сіз оның барлығына психологиялық тұрғыда дайын болуыңыз керек. Біз өмір бойы кастингтеміз, - деді ректор.

Ол театр мен кинода жұмыс істегісі келетін жастар мұны ескеруі керек деген пікірде.

Азамат Сатыбалды ең бастысы актерға талап пен талант қажет екенін жеткізді.

«Қазақта «Ат шаппайды, бап шабады, бақ шаппайды, бап шабады» деген әдемі сөз бар... Мысалы, Еркебұлан Дайыров деген талантты актер бар. Қазіргі таңда мен деген актердің бірі. Ол Өнер академиясына 3 рет түскен. Бірінші және екінші рет оны оқуға алмаған. Үшінші жылы келгенде Есмұхан аға оны көріп, оқуға алған. Ол өз дегенінен қайтқан жоқ. Көрдіңіз бе? Ал біз бірінші жылы келеміз де, бабымыз келмей қалып, құрысын деп кетіп қаламыз. Жоқ. Егер өнерді шексіз сүйсеңіз, сіз оған дайын болу керексіз», - деп түйіндеді сөзін ректор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама