×

Ақмола мен СҚО-ны газдандыру үшін министрлік 2 нұсқаны қарастырып отыр

Оның бірі – Ресеймен әріптес болу

 Динара Амантай 27.08.2022 | 10:55
Фото: aktobeinfo.kz

Ақмола облысын газбен толық қамтамасыз ету үшін магистральдық газ құбырын салу қажет. Бұл туралы кеше Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңір тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Оның айтуынша, өңірді толықтай газдандыру үшін министрлік 2 нұсқаны пысықтап жатыр. Біріншісі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру. Магистральдық газ құбырының ұзындығы 298,1 шақырымды құрайды, болжамды құны –182,1 млрд теңге.

Ведомство басшысының айтуынша, жобаны іске асыру 143 елді мекенді немесе 420 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы ІІ-ІІІ кезеңінде «Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл» учаскесі» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін түзету бойынша жұмыстар аяқталып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды.

Газдандырудың тағы бір жолы ретінде министрлік  Ресей Федерациясымен әріптестік нұсқасын қарастырып отыр. Энергетика министрі бұл нұсқа Қазақстан – Ресей жұмыс тобы аясында ҚР және РФ Энергетика министрліктері арасында белсенді талқыланып жатқанын хабарлады.

Газды коммерциялық бағамен сатып алған жағдайда, Ресей тарапы елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру нұсқаларын қарастыруға дайын, – деді Болат Ақшолақов.

Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, таңдауға әсер ететін барлық бастапқы деректерді алғаннан кейін елдің солтүстік өңірлерін газдандырудың түпкілікті нұсқасын әзірлеу бойынша шаралар қабылданатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама