×

Елордада есірткі зертханасын ашқан жас қыздар ұсталды

Нәзік жандар есірткі өндірісін жолға қойып, олардың көтерме саудасымен айналысқан

 Халық үні 09.02.2022 | 13:59

Нұр-Сұлтанда синтетика өндіретін ірі есірткі зертханасы жойылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері астананың және Қарағанды облысының есірткі полицейлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Family Village коттедж қалашығындағы үйлердің бірінде синтетикалық есірткінің өндірісін жолға қойып, қала аумағында олардың көтерме саудасымен айналысқан екі жас қызды ұстады.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, ұсталған қыздардың бірі жалға алған үйді тінту барысында 1218 таблетка «Экстази» синтетикалық есірткісі, 2 кг Альфа-PVP синтетикалық есірткісі, есірткі өндірісінде қолданылатын заттар – 140 литрден астам прекурсор және үй жағдайында есірткі дайындауға арналған түрлі зертханалық жабдық табылып, тәркіленді.

Тәркіленген есірткі құралдарына сот-химиялық сараптамалар жүргізілді. Осылайша, полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін кезекті есірткі зертханасын жойды, – делінген ақпаратта.

Ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы синтетикалық есірткінің ірі партияларын дайындап, «жасыру» жолымен Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан. Қыздар таяуда ғана жалпы салмағы 1,2 кг мефедронды қала сыртында екі ірі жерде жасырғаны белгілі болды. Олар қосымша тергеу әрекеттері барысында тәркіленді. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 3 кг 840 гр құрады.

Ұсталғандардың бірі – Ресей тумасы. Қазір айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, сондай-ақ басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүріп жатыр.

2021 жылы еліміздің бірнеше облысында Ресейден прекурсорлар, зертханалық жабдықтар мен синтетикалық есірткілерді жеткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ қатысушыларын ұстау бойынша ірі шаралар жүргізілген. Былтыр ішкі істер органдары барлығы 17 есірткі зертханасын жойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама