×

«Балалар қатты дыбыстан әлі үрейленеді». Ауыл тұрғындары Байзақтағы жарылысты еске алды

Үш ауылда қираған нысандарды жөндеуге 431,3 миллион теңге жұмсалды

 Ұлдана Жұбай 26.08.2022 | 17:56

Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғанына жыл толды. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда жарылыс болған жерге жақын орналасқан Базарбай ауылында тұрғындар қабырғасы жарылған үйде тұрып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді.

2021 жылдың 27 тамызында төтенше жағдайдан келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылды. Бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарда 5 жұмыс тобы құрылды. Әкімдіктің хабарлауынша, олар Байзақ ауданының Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үйді аралаған.

Жарылыс салдарынан 3 елді мекендегі 35 ауланың және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінген. Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында орналасқан аулаларды қалпына келтіруге 261,2 миллион теңге, кәсіпкерлік нысандарды қайта қалпына келтіру үшін 170,1 миллион теңге жұмсалды, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қайнар ауылында 19 үй бар. Қазір оның барлығына газ қосылды. Қайнар ауылында ұзындығы 1,3 шақырым Бірлік көшесіне орта жөндеу жұмыстары және көшеге жарық орнатуға 35,1 миллион теңге бөлінген. Қазір ауылда теп-тегіс жол бар.

Төтенше жағдай кезінде үйі қираған Айгүл Тұрапбаева сол күндерді еске алды. Айтуынша, балалары әлі күнге дейін қатты шыққан дыбыстан қорқады.

Қалдықтары жарылады. Жарылған дауыс шықса, қызым шыңғырып, жылап келеді. Қорқа-қорқа батыр болдық. Жеті бөлмелі баспана салып берді. Осыған шүкір дейміз, - дейді Тұрапбаева.

Ал Бәйтерек ауылдық огругіне қарасты Базарбай ауылы тұрғындары баспанасы қирап тұрғанын айтады.

«Жарылыстан кейін үйіміз жөнделген жоқ. Төбесі түсіп, қабырғалары қақырап тұр. Терезелер сынды. Сынған терезені жастықпен бекітіп қойдық. Алғашында үйді жөндейміз деген. Олай болмаған жағдайда ақшасын береміз деді. Алайда ақша да жоқ, құрылыс та жүргізілмеді», -  дейді Базарбай ауылының тұрғыны Қамшыбек Тұрлыбаев.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, жарылыстан жергілікті мектеп те бүлінген. Биыл балалардың апат жағдайында тұрған мектепке баратынын айтып, алаңдап отыр.

«Мектеп апат жағдайында тұр. Спорт залы да жоқ. Қыста балалар далада жүреді. Жоғары жақтағылар келіп, «салауатты өмір салтын сақтайық!» дейді. Оқушыларға арналған спорт зал болмаса, қайда салауатты өмір?» - дейді Айдар Әзімқұлов.

Ал Жамбыл облысы әкімдігі 2021 жылдың қарашасында жарылыс салдарынан бүлінген нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама