×

Қала іргесіндегі 8 мыңдай халқы бар ауыл 15 жылдан бері мектепке зәру

Әрбір отбасында мектеп жасындағы кем дегенде 3-4 баладан бар

 Еркеғали Болатұлы 26.08.2022 | 10:05
фото: видеодан скриншот

Ақтөбе іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары 15 жылдан бері бір мектепке зар болып отырғандарын айтып, жергілікті биліктен білім ошағын салуды талап етті. Талай әкім ауысты, бірақ мәселе тек уәде күйінде ғана қалып отыр дейді олар. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Іргесі 2002 жылы қаланған ауылда қазір 8 мыңға жуық халық тұрады. Әрбір отбасында мектеп жасындағы кем дегенде 3-4 баладан бар. Олардың барлығы қаладағы, кейбірі көрші ауылдағы мектепке қатынап оқуға мәжбүр. Ауылда оларды апарып-әкелетін арнайы автобус та жүрмейді екен.

Халықтың айтуынша, мектеп құрылысына арнайы жер бөлінген. Бірақ соңғы кезде оны жеке адамдарға үй салуға беріп тастапты. Халық әкімге жағдайларын айтып, талай барған көрінеді. Бірақ құлақ асар шенді таппай жүргендеріне ашулы.

Міне, 15 жыл күтіп келе жатырмыз. Мектеп жоқ. Енді оның орнын жеке адамдарға сатып отыр. Үндемегенге жуас деп ойлай ма?! Әлде, біз баланы оқытпаймыз ба? - деп ашынды Нағашыбай Юсупов атты тұрғын.

Жиналған халыққа басу айтуға әкімдік өкілдері де келді. Олар бұл ауылға мектеп салуды енді ғана жоспарлап жатса керек.

Заречный-3 шағын ауданының төменгі жағында орта мектеп 2025 жылдан кейін салынатын болып жоспарланып отыр. Оған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген жоқ. Бірақ өкілдер жер қатынастары бөлімінен де келіп қалу керек. Олардың жері дайын. Ешкімге берілген жоқ. Мектеп сол жер учаскесінде салынады, - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Дарин.

Халық бұрынғы мектеп құрылысы үшін белгіленген жердің заңдылығына күмәнданады. Енді соны тексерту үшін қол жинап, прокуратураға жүгінбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама