×

1 грамм есірткі сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады – ІІМ

Жыл басынан бері 87 келі синтетикалық есірткі тәркіленген
 

 Дәурен Ерболат 25.08.2022 | 12:38
Фото: inform.kz

Қазақстанда 1 грамм есірткі сақтағандар жауапқа тартылады. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр кейбір есірткінің қылмыстық мөлшері бекітілген.

Мефедрон түрлері 3 грамнан 1 грамға төмендетілді. Марихуана араласқан спайстың түрлері 50 грамнан 1 грамға дейін деп бекітілді. Есірткінің 1 грамнан астам мөлшерін ұстаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал ол мөлшерге жетпесе, бұл құқықбұзушылық болып саналады. Ол 296 баптың 1-2-тармақтарына жатқызылады. Ол дәрігердің кеңесінсіз тұтыну мен аз мөлшерде сақтағаны үшін жауапқа тартуды  білдіреді, - деді Бақытжан Әмірханов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысы құрамында есірткісі бар шөптерді өсіргендер де жауапқа тартылатынын ескертті.

«Шөпті культвациялау Қылмыстық кодекстің 300-бабына жатқызылады. Мысалы, көбінесе Қызылорда облысында үнді қарасорасын анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі.  Жыл сайын бізде «Қарасора» іс-шарасы 1 маусымнан 30 қазан аралығында өткізіледі. Жыл сайын үнді қарасорасының 60 плантациясы анықталады. Ол арнайы сорғы мен қондырғыларды қолдану арқылы өсіріледі. Плантацияларды тікұшақ арқылы ғана анықтауға  болады. Қылмыскерлер маусым бойы сонда жатып, өсіреді, - деді Бақытжан Әмірханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама