×

Таразда жаңадан салынған тұрғын үйдің қабырғасы жарылған

Шағын ауданда 130 үй бар, бүгінде оның 70-ісіне тұрғындар қоныстанып үлгерген

 Ұлдана Жұбай 09.02.2022 | 09:11
фото: Halyq Uni

Тараздағы 15-ші шағын ауданының тұрғындары «үш айдан бері жарыққа жарымай отырмыз» деп шағымданды. Оған қоса, тұрғындар жаңадан салынған баспанасының іргесі сөгіліп, құлағалы тұрғанын айтады. Жаңа қонысқа сүйіншілеп кіріп, өкінішке тап болған тұрғындардың шағымын Halyq Uni тілшісі тыңдап көрді.

Шағын ауданнан баспана алғанына көп болмаған тараздықтар бүгінде инфрақұрылым игілігінен ада қалғанын айтады. Қоныс тойын жақында ғана тойлаған олар «үйдің сырты бүтін болғанымен, іші түтін» деп отыр. Мәселен, №997 үйдің тұрғындары үш айдан бері газсыз, сусыз, тіпті жарықсыз отырғанын айтып шағымданды.

«15-ші шағын ауданына көшіп келгелі мәселеміз бітпеді. Не газ жоқ, не ішерге су таппаймыз. Енді, міне, қанша уақыттан бері жарықсыз отырмыз. Жоғарыдағыларға хабарласып, мәселемізді айттық. «Жөндейміз, келеміз» деді. Бірақ қимылдап жатқан ешкім жоқ. Ал, біздің сандалып жүргенімізге үш ай болды», - дейді қала тұрғыны Рауан Жолдыбекова.

Тұрғындардың мәселесі мұнымен бітпейді. Баспаналардың қабырғасы құлағалы тұр. Осылай деген тұрғындар үйдің жертөлесінің қабырғаларында жарықтар пайда болып, сыртқы сылағы да түсе бастағанын көрсетті.

«Міне, №992-ші үйдің жертөлесі. Сапасыз соғылғаны соншалық, үйдің қабырғалары құлағалы тұр. Жертөледе үлкен жарықшалар пайда болған. Ал соны бүркемелеу үшін құрылысшылар арнайы көбік құйып қойғаны көрініп тұр. Қазір мұнда 80 үй бар. Енді сол 80 үйде қаншама адам тұрады. Біздің өмірімізге қауіпті нәрсе ғой. Ертең құласа кім жауап береді?» - дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрбол Манапов.

Тұрғындар жауапты мердігер компаниялар құрылыс жұмысын тездетеміз деп жүріп сапасына мән бермегеніне сенімді. Ал, әкімдіктегілер баспананың барлық бүлінген жерін қалпына келтіруге уәде беріп отыр.

«Аталған үйлер бойынша мердігер мен тапсырыс берушінің арасында жасалған келісімшартқа сәйкес 5 жылдық кепілдеме уақыты бар. Сондықтан тұрғындардың уайымдайтын жайы жоқ. Бәрі қалпына келтіріледі. Ал, жарық мәселесіне келер болсақ, Тараз қалалық электр желілері мекемесі мен әкімдік арсындағы құжаттамалық жұмыстардың ұзаққа созылуынан, жұрт жарықсыз қалды. Енді апта ішінде аталған мәселені шешетін боламыз», - дейді Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Әлиасқар.

Айта кетейік, шағын ауданда 130 үй бар, бүгінде оның 70-ісіне тұрғындар қоныстанып үлгерген.

Жаңа жыл қарсаңында 15-шағын ауданнан бой көтерген жаңа 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қоныс тойын тойлағандардың қатарында тұрмысы төмен, толық емес және көпбалалы отбасылар, жетім, әлеуметтік осал санаттағы басқа да азаматтар бар.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйдің құрылысын мердігер «Бином» ЖШС жүзеге асырған.

Жаңа пәтерлердің кілтін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етіп, 2021 жылы облысмкөлемінде барлығы 2240 пәтер пайдалануға берілсе, оның жартысынан көбі Тараз қаласында екенін жеткізді.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр республика бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынғаны туралы мәліметке күмәнмен қарайтынын айтты. Сондай-ақ Президент құрылыс қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқанын атап өтті. Одан бөлек, қазіргі құрылыс қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқанын айтты.

Тоқаев бұдан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама