×

Президент құрылыс саласындағы монополист компанияларды сынады

Тоқаев былтыр 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынғаны туралы ақпаратты тексеруді тапсырды

 Айнұр Шошаева 08.02.2022 | 16:22
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр республика бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынғаны туралы мәліметке күмәнмен қарайтынын айтты. Сондай-ақ Президент құрылыс қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқанын атап өтті.

«17 млн шаршы метр - бұрын болмаған көрсеткіш. Алайда, оның қаншалықты дұрыс мәлімет екенін тексеру керек. Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ, құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордамыздағы ахуал - осының айқын дәлелі», - деді Президент.

Тоқаев бұдан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салуды тапсырды.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы құрылыс саласындағы монополист компанияларды сынады.

Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама