×

Сирия мен Иракқа барған 700 қазақстандық елге қайтарылды

Қазір басқа да азаматтар анықталып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 18.08.2022 | 17:44
фото: ашық дереккөз

2019 және 2021 жылдары 700 қазақстандық Сирия мен Ирак босқындар лагерінен қайтарылды.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайты хабарлады.

Ташкентте ШЫҰ-ға қатысушы елдер Ішкі істер министрлерінің кеңесі өтіп жатыр. Оған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қатысып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдерге трансұлттық және киберқылмыспен күреске қатысты нақты ұсыныстар жасады.

Кездесуде ол Қазақстан тарапының Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз ұсыныстарын дайындап әкелгенін айтты.

Бүгінде есірткі трафигіне, «Шырмауық» операциясын іске асыру аясында бірлесіп жедел іздестіру іс-шараларын қабылдауға қатысты мәселелер бар. Өйткені, қазір Орталық Азия елдері арқылы Еуропаға Ауғанстаннан героин тасымалданып жатыр. Бұған қоса біздің елдерді синтетикалық есірткі мәселесі де ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Сондықтан әріптестерімізге жедел ақпарат алмасу, қылмыстың осы түрін ауыздықтау үшін батыл іс-шаралар қабылдауды,  киберқылмысқа, интернет-алаяқтыққа қатысты ұсыныс жасаймыз, –  деді ол.

Жиында министр Қазақстанның қсыныстарын жасағаннан кейін халықаралық терроризм проблемасына тоқталып, оның қазіргі кезде кең етек алып бара жатқанын айтты. Осыған байланысты ол Қазақстанның терроризмге қарсы барлық 19 халықаралық конвенциялар мен хаттамаларға қосылғанын айтып, көпжақты және екіжақты ынтымақтастық форматында қылмысқа қарсы күрес бойынша 90-нан астам шарт жасағанын атап өтті.

2019 және 2021 жылдары 700 қазақстандық Сирия мен Ирак босқындар лагерінен қайтарылды. Қазір басқа да азаматтар анықталып жатыр. Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күресте соңғы бір жарым жылда синтетикалық есірткі өндіретін 40 есірткі зертханасы жойылды. Ұлттық бақылауда – есірткінің мыңнан астам жаңа түрі бар. Интернеттегі жарнама ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды, –  деді ол.

Кеңесте Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов әріптестерімен екіжақты келіссөздер өткізіп, Орталық Азия елдерінің өкілдерімен қылмысқа қарсы бірлескен күресті талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша кеңес хаттамасына қол қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама