×

60 мың теңге жалақы алатын талдықорғандық әке төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отыр

Ұл-қызының үлкені 15 жаста, кенжесі балабақшаға барады

 Халық үні 18.08.2022 | 16:26

Қоғамда баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар туралы жиі айтылады. Алайда ел арасында мұндай ер адамдар да бар. Соның бірі – талдықорғандық Талғат Дөнбаев. Ер адам әйелі дүниеден өткен соң отбасыдағы барлық міндетті өзі атқарып жүр. Halyq Uni тілшісі отбасымен кездесіп, баланы жалғыз тәрбиелеудегі қиындықтар туралы сұрады.

Талғат Дөнбаев 4 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Әйелі 7 ай бұрын қайтыс болған. Күзет қызметінде 60 мың теңге жалақыға жұмыс істейді. Төрт баласына мемлекеттен ай сайын 124 мың теңге жәрдемақы алады. Отбасы Талдықорған қаласында пәтер жалдап тұрады, алайда жазда туысының ауылдағы үйіне келген.

Айтуынша, қалада пәтерді 60 мың теңгеге жалдап тұрған. Себебі балалары қаладағы мектепте оқиды. Қаржысын үнемдеу мақсатында ауылда тұрып жатыр. Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды, отбасы жақында пәтер жалдауы қажет.

Отбасының үш баласы мектепте оқиды, кенжесі 5 жаста – балабақшаға барады.

Жұмысқа барған кезде де уайымдап отырасың. Жұмысқа бармауға тағы болмайды, үйде төрт бала бар. Ақша табу керек. Оларға тамақ табу керек. Үлкен қызым ересек, тамақ істеп, қолқанат болып отыр. Күзетші болып жұмыс істеймін, екі күн түнгі ауысымға шығамын. Сол кезде балаларды көршілерге аманаттаймын, - дейді Талғат Дөнбаев.

15 жастағы қызы әкесіне көмектесіп, ас әзірлейді, бауырларының жағдайын жасайды.

Әкесінің айтуынша, балалар сабағын жақсы оқиды. Ал кенжесі балабақшаға барады.

«Балаларды бірінші қыркүйекке дайындап қойдым. 170 мың теңге кетті. Үлкен қызым 9-сыныпқа, кіші қызым 5-сыныпқа барады. Ұлым 7-сыныпқа барады. Толық киіндірген жоқпын, қазір қымбат қой. Бәрін ала беруге ақша жетпейді. Алдында көпбалалы отбасыға үй, пәтер береді деп жатыр еді. Үй керек. Табыс жағынан қиналмасақ та, баспана керек», - дейді талдықорғандық.

Талғат Дөнбаев төрт баласын өз баспанасында тәрбиелегісі келеді. Тұрғын үй кезегіне жақында тұрған, себебі бұған дейін пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасының тұрғылықты тіркеуі болмаған.

Мақсатым – төрт баламмен бірге тұратын жайлы баспана алу. Бірақ тұрғын үй кезегіне жақында тұрдым, кезек қашан келетінін білмеймін. Алдымда 6 мыңнан аса адам бар екен. Жеңілдетілген несие арқылы үй алуға жалақым жетпейді. Жақсы жалақысы бар жұмыс табылып қалар. Ішімдік ішпеймін, шекпеймін. Еңбектен қашпаймын», - дейді ол.

Талғат Дөнбаев баланы жалғыз тәрбиелеудің қиындығы да бар екенін айтты.

«Қазіргі жағдайымызға еш шағымым жоқ. Бірақ ер адамға ана да, әке де болу оңай шаруа емес екен. Табыс табудан қиналмаймын, бірақ балалардың кір-қоңын жуу, тамағын дайындау, қыздардың шашын тарауға келгенде қиналып қаламын», - дейді Талғат Дөнбаев.

Әйелі осыдан жеті ай бұрын суицид жасаған. Ер адам бұл тақырыпты қозғағысы келмейді. Өзін өлтіруді дерт санайды.

Талғат Дөнбаев қазір 40 жаста. Алайда екінші рет отбасы құру туралы ойламайтынын жеткізді. Балаларының ержетіп қалғанын, тез-ақ бір-бір үй болып кететінін айтады.

Айта кетейік, Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған толық емес отбасы саны – 3 902. Кейінгі үш жылда тізімдегі 34 отбасы баспана алған.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Жетісу облысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама