×

Қазақстанда адам саудасымен айналысатындар азаяр емес

Ел бойынша жыл сайын «адам саудасы» санаты бойынша 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркелген

 Еркеғали Болатұлы 17.08.2022 | 15:46
фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы адам саудасының құрбандары негізінен мигранттар деп хабарлады Finprom.kz.

Былтыр осы қылмыспен айналысқан 14 адам сотталды. Қазір Орталық Азия елдері мен Ресей – әлемдегі ең ірі және маңызды еңбек миграциясы дәліздерінің бірі. БҰҰ-ның биылғы мәліметінше, Ресейде Орталық Азиядан 4 миллионға жуық адам жұмыс істейді.

Қазақстанның өзі көші-қон процестерінің белсенді қатысушысы. Бұрын Ресейге транзиттік ел болған. Бірақ 2000-жылдардың басында Қазақстан экономикасы жақсарған кезде жағдай өзгерді. Елге қазір Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары жұмысқа келіп жатыр. Олар еңбек мигранттарының басым бөлігін құрайды, - делінген ақпаратта.

Бүгінде әлі бұрынғыдай заңсыз көші-қон және еліміздің көші-қон заңнамасын бұзу фактілері баршылық. Finprom.kz-тің мәліметінше, адам саудасы елімізде көші-қонның көрінбейтін ең маңызды проблемаларының бірі болып қала бермек.

Бұл ретте адам саудасының құрбаны болған мигранттар құрылыс пен ауылшаруашылығы жұмыстарына жегілуге мәжбүр. Бұл сала өкілдері жұртты жоғары табыспен қызықтырып, іс жүзінде заңсыз ұстап, жұмыс істетеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша жыл сайын «адам саудасы» санаты бойынша 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркелген. 2019-2022 жылдар аралығында 131 адам жыныстық қанаудың құрбаны болып отыр.

Бұл ретте сотқа түсетін істердің саны айтарлықтай аз. Адам саудасы Қылмыстық кодекстің 128 («Адам саудасы») және 135 («Кәмелетке толмағандар саудасы») баптарында қарастырылған. Соңғы 7 жылда осы баптар бойынша сотталғандардың ең көп саны 2016 жылы (30 адам) тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама