×

Алматыда бүлік кезінде қару-жарақ дүкенін тонағандар ұсталды

Бұған қоса Алматының қақ ортасынан қару-жарақ арсеналы табылды

 Халық үні 05.02.2022 | 14:22
фото: polisia.kz

Бөтеннің мүлкіне Алматыдағы жоғары оқу орындарының екі студенті қол сұққан.

Олар – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының 20 жастағы тұрғындары. Қаскөйлер 6 қаңтарға қараған түні қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан. Олар сол жерден қару-жарақ, оқ-дәрі, арнайы техника және басқа да құрылғыларды ұрлаған. Күдіктілер кінәсін мойындап, қылмысты қалай жасағанын айтып берді. Олар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тексеру жалғасып жатыр, – деді Медеу аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, ұсталғандардың жаппай тәртіпсіздік кезіндегі басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілу үстінде.

Бұған қоса Алматының қақ ортасынан қару-жарақ арсеналы табылды. Қойма қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік ошағынан анықталды.

Жедел іс-шаралар жүргізу барысында қызметтік-іздеуші ит «Самал» ықшамауданындағы Мемлекеттік мұражай жанынан арсенал қоймасын тапты. Жасырынған жерден травматикалық қарулар мен гранаталар тәркіленді. Жақын жердегі қоқыс жәшігінен патрондар табылды. Олар: 12 калибрлі – 19 дана, 7,62 калибрлі – 7 дана, 5,45 калибрлі – 4 дана, – дейді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Атап өтсек, үш аптада Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында ұрланған қарудың басым бөлігі тәркіленді. Дәл қазір тәркіленген қарудың жалпы саны - 747 және 18 мыңнан астам оқ-дәрі.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама