×

«Қазақстан халқына» қоры көмекке мұқтаж азаматтардан өтініш қабылдай бастады

Қордан кімдер көмек ала алатыны белгілі болды

 Айнұр Шошаева 04.02.2022 | 15:12
көрнекі фото: qazaqstanhalqyna.kz

Президенттің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының ресми сайты іске қосылды. Енді көмекке мұқтаж азаматтар сол сайт арқылы өтініш бере алады.

Қорға түскен қаражат пен оның жұмсалу барысын кез келген адам бақылай алады. Бүгінде қорға 114 млрд теңге қаражат жиналған.

Сайтта қайырымдылық көмекке қалай жүгінуге болатыны туралы нұсқаулықты «Өтінішті қалай бере аламын» бөлімінен білуге болады. Онда нақты алты қадам көрсетілген. Өтініш берушілер автоматты түрде atamekenim.kz порталына - Қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасына жіберіледі. Өтінішті қарауды өтініш беруші жататын және өтініш беруші мен қор арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету ниетін білдірген халықтың санаттарымен жұмыс істейтін ҮЕҰ жүзеге асырады.

Атамекенім сайты - қайырымдылық ұйымдарының халықпен жұмыс жасайтын алаңы. Сайт eGov.kz электрондық үкімет порталының кейбір мәліметтер базасымен біріктірілген. Қазіргі уақытта  денсаулық сақтау, білім және ғылым, тұрғын үй, негізгі қажеттіліктер және т.б салаларда жұмыс істейтін 86 қайырымдылық ұйымы аккредитацияциядан өтті. Алдағы уақытта аккредиттелген қайырымдылық ұйымдарының саны артады деп жоспарланып отыр.

Сараптамалық комитеттің бағасы бар өтінішіңізді Қор басқармасы қарайды, олар оны қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Егер ол Қордың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмесе, өтінім қабылданбауы мүмкін. Басқарма мақұлдағаннан кейін сіздің өтінішіңіз қаржыландырылады. Әдетте, қаражат сіздің өтінішіңізді орындайтын ҮЕҰ шотына аударылады, - делінген нұсқаулықта.

Қор негізінен екі бағыт бойыша көмек көрсетеді. Атаулы көмек ауыр, сирек кездесетін аурулары мен мүгедектігі бар балалар, жетімдер, болашақта аурулар мен мүгедектіктің даму қаупі бар нәрестелер және өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар. Бұған қоса, Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасылары, сирек кездесетін аурулары бар ересектер мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендерге жәрдем беріледі.

Екінші бағыты - даму бағдарламалары мұқтаж азаматтарға білім, медициналық, әлеуметтік қызметтерді дамытып, әлеуметтік осал топ үшін қолжетімді етуге бағытталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама