×

Қорғаныс министрлігі Елшібаеваның ісіне қатысты тергеуді аяқтады

Комиссия оның айтқан тұжырымы мен айғақтарын мұқият зерделеп, жан-жақты тексеріс жүргізген болатын 

 Динара Амантай 12.08.2022 | 16:50
Фото: ainews.kz

Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші А.Б. Елшібаеваның Қарулы күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, комиссия азаматша А.Б. Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын мұқият зерделеп, жан-жақты тексерісінің нәтижесінде А.Б. Елшібаеваның арызында көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады.

Бұған дейін, 2022 жылдың 6 мамырында Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы А.Б.Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады. Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Б.Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады, – делінген хабарламада.

Министрлік баспасөз қызметінің айтуынша, бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.

Сонымен бірге, биыл 3 мамырда аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес, А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылғаны белгілі болды.

Бұған қоса министрлік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екеніне назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама