×

Мемлекеттік бағдарлама: шын мұқтаждарға арналған үй құлағалы тұр

Бұл 45 пәтерлі 5 қабатты үйде ересектерді айтпағанда, 150-ден аса бала тұрады екен

 Еркеғали Болатұлы 12.08.2022 | 13:58
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Степногор қаласында мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған жаңа тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Көп жыл кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізген көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтар бұл үйге осыдан 11 ай бұрын ғана қоныстанған деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жалпы, бұл 45 пәтерлі 5 қабатты үйде ересектерді айтпағанда, 150-ден аса бала тұрады екен. Олардың бәрі бір күні үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр.

Степногор қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметовтің қолынан баспана кілтін алғанда бала-шағасымен қатты қуанған жандардың көңілі 2 айдан соң су сепкендей басылыпты. Қыс түспей жатып есік-терезесі қисайып, есігі жабылмай естерін шығарған. Үйдің қабырғасы қақ айрылып жарыла бастаған. Енді су жаңа үйде ұйықтаудың өзі қорқынышты.

Біз қабылдаған кезде бұндай болған жоқ. 11 айдың ішінде кемшіліктер шығып жатыр, - дейді Степногор қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.

Осылайша 11 айдан соң бармағын тістеп қалған комиссия мердігерді сотқа беріпті. Ал мердігер компания бұл құрылыста болатын кәдімгі жағдай деп міз бақпай тұр.

Кез келген жағдайда кез келген үй шөгеді. Мынаған біз кепілдік беріп отырмыз. Ешқандай үй құламайды, - дейді «АстанаСтрой инвест» ЖШС-нің директоры Дулат Күтербеков.

Бұл ретте қала шенділері сот аяқталмайынша, оларға талап қоя алмайды екен. Ал мердігер сот шешімін күтпей-ақ, астан-кестеңі шыққан жертөледен бастап, әр пәтердегі кемшілікті қалпына келтіреміз деп уәде беріп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама