×

«Өтемақының қажеті жоқ»: Қаңтарда жесір қалған алматылық күйеуіне қатысты іспен таныса алмай жүр

Сая Есенгелдінің төрт баласы бар, кенжесін күйеуі қайтыс болған соң үш айдан кейін босанды 

 Халық үні 10.08.2022 | 11:24
Halyq Uni/Esdaulet Qyzyrbekuly

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып қайтыс болған Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі Сая Есенгелді қазірге дейін күйеуінің ісіне қатысты құжатпен таныса алмаған. Әйел тергеушілер марқұм күйеуіне қандай да бір айып таға ма деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сая Есенгелдінің сөзінше, күйеуіне оқ президент резиденциясы маңында тиген. Алайда оның қақтығыс алаңына қалай барғанын білмейді.

«Еркебұланға оқ президент резиденциясының алдында тигенін айтты. Бірақ нақты білмеймін. Үйден шыққан кезде митингке бара жатқанын айтпады. Анамызды жұмыстан алып кетуге кеткен. Бірақ не анамызға бармады, не үйге келмеді. 5 қаңтар кешке дейін күттік, содан кейін іздеуге кірістік. Бірақ таба алмадық. 7 қаңтарда ауруханадан табылды. Өзімен бірге қалтасында құжаты болмаған. Көлігі бір жақта, өзі бір жақта...», - дейді ол.

КҮЙЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ ІСПЕН ТАНЫСА АЛМАЙ ЖҮР

Еркебұлан Сыдықбаев 17 қаңтарда ауруханада қайтыс болған. Қазір оның өліміне қатысты іс тергеліп жатыр, алайда туыстары бәрінен бейхабар.

5 қаңтарда жамбасына оқ тиген. Ауруханада комада жатып, есін жимастан 17 қаңтарда қайтыс болды. Қазір ісі тергеліп жатыр дейді. Алты ай болды, ешқандай өзгеріс жоқ. Ешкім ештеңе айтпады. Қоғамдық қорғаушы ретінде іс туралы ақпарат беріңдер десем, оны да бермейді. Тергеуші ешқандай құжат бере алмайтынын, іс құпия түрде жүріп жатқанын айтты, - дейді әйел.

Енді ол күйеуіне қандай да бір айыпты артып жібере ме алаңдап отыр. Айтуынша, қазірге дейін адвокат жалдамаған.

«Адвокат жалдауға жағдайым жоқ. Бірақ адвокат жалдасам, іс құжаттары беріле ме деп сұрадым. Бәрібір тергеудің аяқталуын күту қажет дейді. Қазір күйеуімнің қазасына байланысты іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 15-тармағы («қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдай кезiнде немесе жаппай тәртiпсiздiк барысында жасалған адам өлтiру») бойынша қозғалған. Күтіп отыра берсем, мойнына басқа қылмысты іліп жібере ме деп қорқамын. Қазір көп адамды Қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздік») бойынша айыптап жатыр», - дейді Сая Есенгелді.

БАЛАЛАРЫНЫҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ

Әйел балаларының болашағы үшін алаңдаулы. Себебі әкесіне қатысты іс қозғалса, төрт баласының келешегіне кері әсер етеді деп санайды.

Төрт балам бар. Күйеуім қайтыс болғаннан кейін балаларға жәрдемақы төленетін болды. Күйеуім қайтыс болған кезде аяғым ауыр болды, қызымды босанғаныма үш ай өтті. Жөргекпұлын да алып отырмын. Енемнің айлығы бар. Солай өмір сүріп жатырмыз. Қаңтарда қайтыс болғандарға өтемақы тағайындап жатыр деп естідім. Бізге ештеңе қажет емес, тек күйеуімді ақтап шықса болды. Артында 4 баласы қалды, бұл жағдай балалардың болашағына кедергі келтірмесе екен деймін», - дейді Сая Есенгелді.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708 іс – қаруды ұрлау немесе сақтау фактісі, 418 іс – бұзақылық, 199 іс – мүлікті жою, 26 іс – қарақшылық және тонау. Бұл қылмыстық істер бойынша тергеушілер 15 мыңға жуық адамнан жауап алды. 35 мыңнан аса тергеу әрекеттері және 2,5 мың сараптама жүргізілді.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама