×

Биыл СҚО-да есірткі сатумен айналысқан 22 адам сотталды

Өңірде заңсыз айналымнан жалпы 300 келіден астам есірткі тәркіленді

 Динара Амантай 09.08.2022 | 14:48
Фото: ашық дереккөз

Жыл басынан бері СҚО-да есірткіні сатқаны үшін 22 адам сотталды. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.

Есірткіні сату – аса ауыр қылмыстар санатына жатады, заңнамада бұл қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері есірткіні сатқаны үшін 22 адам сотталды. Олардың біреуі – бұрын істі болған 35 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны. Өткен жылдың қыркүйек айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ол 2 келіге жуық гашишті сатып тұрған жерінен «Тайга» сауда орталығының жанында ұсталды. Аталған түрдегі есірткі заты үшін аса ірі көлем 200 грамнан басталады.

Айта кетерлік жайт, ұсталған адам бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жазаға тартылған. Бірақ бұдан өзіне ешқандай қорытынды жасамаған: ер адам шектеу жазасына тартылған кезінде есірткі сатумен айналысқан. Сот бұл фактіні ескеріп, есірткі қылмысын жасағаны үшін көзделген мерзімге ұрлық жасағаны үшін өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігін қосты. Сот үкімі – қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде 11,5 жыл бас бостандығынан айыру.

Жалпы жыл басынан бері СҚО-да есірткі сатудың 46 фактісі тіркелді, олардың 27 – аса ауыр, яғни бірнеше рет, топпен жасалған, аса ауыр көлемде, т.б. Заңсыз айналымнан жалпы 300 кг-дан астам есірткі тәркіленді, – деп мәлімдеді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордалық оқушы Көкшетауда синтетикалық есірткі таратқаны туралы жаздық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама