×

Бала жаңа оқу жылына тас түйін дайын болуы үшін не істеу қажет – мамандар кеңесі

Оқу жылы 1 қыркүйекте басталады

 Айгерім Таубай 05.08.2022 | 13:19
коллаж: Халық үні

Жаңа оқу жылының басталуына бірнеше апта қалды. Тамыз – мектеп формасы мен керек-жарақтарды алып, қамданатын ай. Алайда дәл осы айда баланы мектепке психологиялық тұрғыдан да дайындау маңызды. Оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу қажет екенін Halyq Uni материалынан оқыңыз.

«БАЛА ҚИНАЛМАУЫ КЕРЕК»

Алматыдағы Базарбаев атындағы №138 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Бауыржан Каспиханның айтуынша, үш ай демалыстан кейін баланың оқу процесіне бірден еніп кетуі екіталай. Кейде оқушы 2-3 аптада немесе бір ай өткен соң үйренеді.

«Оқу жылының алғашқы екі аптасы – адаптация уақыты. Оқушы дайындықты неғұрлым ертерек бастаса, ертерек жұмыс режиміне енеді. Сабақ басталған кезде бала қиналмауы керек. Ойнап жүріп еске түсіріп, күрделі тақырыпқа қалай өтіп кеткенін байқамай қалуы керек», - дейді Бауыржан Каспихан.

Айтуынша, оқушылар оқу жылы басталардан бір апта бұрын мектептен оқулықтарын алып кетеді. Оқу жылы сәтті басталуы үшін сол кезден бастап дайындалуға болады.

Оқу жылының алғашқы аптасы әдетте бейімделу аптасы түрінде өтеді. Былтыр өткен тақырыптар қайталанады. Оны ойын, топтық жұмыс, тест түрінде қайталайды. Оқушылар қолына оқулықты алған соң оны парақтап, жаңа тақырыптарға көз жүгірте алады. Ақпараттарды жаңғыртып, бір жүйеге қайта кіріп алу үшін өткен тақырыптарды қайталауы қажет, - дейді ол.

Мұғалім бұл дайындықты оқу жылына бір-екі апта қалғанда бастағаны жөн екенін айтты.

«Бастауыш сынып оқушылары оқулықты ата-анасымен бірге парақтап, осы жылы қандай тақырып бар екенін талқыласа, баланың қызығушылығы артуы мүмкін», - деп қорытындылады Каспихан.

АТА-АНА ДАЙЫНДЫҒЫ

Жекеменшік оқу орталығында жұмыс істейтін Жібек Құсайынның айтуынша, мектепке оқушы ғана емес, ата-ана да дайындалуы қажет.

«Дайындықты тамыздың ортасынан бастаған дұрыс. Мысалы, кез келген спортшы жарыстың алдында дайындалады. Жаңа оқу жылы да жарыстың бір түрі сияқты, оған да алдын ала дайындық керек. 1 қыркүйекте ұялы телефонын алып қойып, «енді сабағыңды оқы» десе, бала ашуланшақ болып кетеді, агрессия оянады», - дейді ол.

Ең алдымен тамыздың ортасында алдымен балаға сабақтың жақында басталатынын айтып, ескерту қажет. Яғни, оны психологиялық түрде дайындау керек, дейді Жібек Құсайын.

Екіншіден, балаға сабақ қалай басталатынын, не істеуі қажет екенін айтады. Дәл осы кезеңде тек баланы ғана емес, ата-ананы да психологиялық тұрғыдан дайындаған дұрыс.

Баланы мектепке дайындау басқа, оған көмектесудің орны бөлек. Ата-ана да оған дайындалуы керек. 7-8 сынып оқушылары не істеу керек екенін біледі. 1-6 сынып оқушыларына бағыт беру керек. Ой-санасы өсіп, жауапкершілік артатын кезеңде бала ата-ана қолдауын қажет етеді, - дейді ол.

Ал баласы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған оқушының ата-анасы да қатар дайындалады.

«Себебі мектепке дейінгі жаста бала тек ойнауға ғана қабілетті, ал мектепке барған соң басқа ортаға түседі, жаңа дүниелерді үйрене бастайды, мектеп партасында да жарты сағаттан артық отыруға үйренуіне уақыт керек», - деп түйіндеді ол.

«КҮШТЕП ОҚЫТУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Балалар психологы Айгүл Рахметқызының айтуынша, жаңа оқу жылы басталар кезде баланы мәжбүрлеудің қажеті жоқ.

Баланың сабаққа деген қызығушылығы болмаса, оны күштеп, оқы деп қайта-қайта айта берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда баланың оқуға деген қызығушылығы төмендейді. Мектеп немесе оқуға қатысты жаман көзқарас пайда болады. Сондықтан танымал адамдардың жетістігі туралы айтып, соның бәрі оқу арқылы келетінін түсіндірген жөн. Яғни, мотивация беріп, баланың да қолынан жетістікке жету келетініне сендіру қажет, - дейді маман.

Алайда сабақ басталуына 1-2 апта қалғанда баланы мәжбүрлеп сабақ оқытудың қажеті жоқ. Күніне 10-15 минут сабаққа көңіл аудартуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама