×

«22 жылдың ішінде 168 мың шақырымды жүгіріп, жүріп өттім» – ультрамарафоншы Әскер Қожанов

Жалпы ол 111 марафон мен ультрамарафонға қатысып, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды

 Қанат Атаманов 31.07.2022 | 05:30
Фото: inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Әскер Қожанов 22 жылдан бері ұзақ қашықтыққа жүгіріп жүрген кәсіби спортшы. Жалпы ол 111 марафон мен ультрамарафонға қатысып, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Шектен тыс мүмкіндікке ие спортшымен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.

– Әскер, жүгіруді бастауға не себеп болды? Спорттың бұл түріне қалай келдіңіз?

– Спортқа бала кезден жақынмын, сол үшін ата-анама алғысым шексіз, олар мені кішкентайымнан еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиеледі. Мен көп балалы отбасында 1977 жылы дүниеге келгенмін, 11 бала болдық. Адамның бойындағы мін, өз-өзіне көңіл толмаушылық осы шақта қалыптасады екен. Ал мен бақытты балалық шақты бастан өткердім.

Кейін мектепте спортты жаныма жақын тұтуыма мұғалімнің әсері зор болды. Еркен Төлегенұлы Андыбаев деген ұстазым біз үшін түрлі секциялар ұйымдастырып, қажетті керек-жабдықтың болуына барын салды. Осылайша 5-сыныпта белтемірге тартылудан мектепішілік жарыста 1 орынды жеңіп алдым. Үлкен жиында берілген мақтау қағазы мені қанаттандыра түсті. 13 жасымда 3 шақырымды 11 мин 37 секундта жүгіріп өтіп, Жамбыл ауданының чемпионы болдым. Үздік болу керек деген мінездің қалыптасуына менен алты жас үлкен әпкемнің сөзі де әсер етті. Ол «бірінші орыннан басқасы – орын емес» деген еді.

Әскерден келгеннен кейін велоспортқа ден қойдым, кейін аудан атынан облыстық қысқы көпсайысқа қатысшы деген өтініш түсті. Қонақ үйде берілген бөлмеде орын жетпей, мені көрші бөлмеге орналастырды. Ол жерде марафоншы Николай Самойлов жатыр екен. Танысып, сол жерде алғаш рет марафон жайында естіп, білдім. Николай маған Омбы қаласында өтетін марафонға қатысып, 42,2 км қашықтықты жүгіріп өтуге кеңес берді. Бұл 2000 жыл болатын. Николайдың сөзі үш ай бойы есімнен кетпеді. Өзімді сынап көруге шешім қабылдап, мамыр айында ауданға Николайға жол тарттым. Ол кісі маған қалай дайындалу керектігін түсіндірді. Осылайша, тамыздың 7-сі өтетін марафонға дайындық басталып кетті. Бірінші рет ұзақ қашықтыққа өз үйімнен көрші ауылдағы жаттықтырушымның үйіне дейін 23 км жүгірдім. Оны 1 сағат 35 минутта өттім. Келесі жолы 34 км бағындырдым, бұл жолы жеңіл өттім. Соған масаттанып, төрт күн бойы қатарынан 34 км жүгірдім. Бесінші күні қажығанымды сезіп, қате жасағанымды түсіндім.

Екі күн бойы демалып, өз-өзіме келдім. Ал 23 шілде күні туған ауылым Ольгинкадан мәре алып, 60 км қашықтықтағы Пресновкаға жол тарттым. Оны 5 сағаттың ішінде жүгіріп өттім. Сол жолы қуанғанымды көрсеңіз. Ал Омбыда өткен алғашқы марафонымда 14 елден 700 ер адам қатысты. Мен 3 сағат 05 минутта 110-ыншы болып келдім. Бұл марафон жолына алғаш шыққан спортшы үшін жаман көрсеткіш емес еді.

– Қазір сіз тәжірибелі спортшысыз. Марафондарда жеңіске жету үшін нені басты назарға алу керек?

– Ең бастысы – дұрыс тамақтану. Қанша энергия жұмсайсың, сонша тамақтан. Мен үлкен жарыстардың алдында диета ұстаймын. Бір апта қалғанда қуырылған, ысталған тамақтардан бас тартамын. Көбіне балық пен сиырдың бауырын және ашытылған қырыққабат жеймін. Лимон менің сүйікті жемісім. Тәттіге жоқпын, тек қатты шаршағанда тезірек қалыпқа келу үшін қант қосып шай ішемін. Екіншіден, ұйқыға мән беремін, дұрыс, қажетінше ұйықтасаң, сол күнің жақсы, нәтижелі өтеді. Жүзуді жақсы көремін, ол ағзаның негізгі энергоорталығы - омыртқаның дұрыс болуына көмектеседі.

– Ал қалай жаттығасыз, өзіңіздің көп жылдар бойы қалыптасқан тәсіліңіз бар ма?

– Жаттығуды көңіл-күйге қарай жасауға тырысамын. Бағдарлама немесе кесте бойынша жүгіру қиын. Міндетті түрде киім және кроссовка ыңғайлы болу керек. Әдетте жүгіретіндер құлаққап тағып, музыка тыңдайды. Менің ондай әдетім жоқ. Өзімді тыңдаймын.

– Жүгіргенде не туралы ойлайсыз?

– Марафоншы-кумирлерім - Анатолий Кругликов, 1957 жылы туған. Әлемнің және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, ол – ультрамарафоншы. Ол тоқтамастан 100 км -ны тәулік бойы жүгіре алады. Янис Курос, австралиялық спортшы, әлемдік рекордсмен. Африкалық көптеген ультрамарафоншылар бар, интернеттен солар жайында көп оқып, кейін жүгіргенде қорытам. Армандау емес, жалпы адамның мықты менталы болуы керек. Сана-сезіміңді босаңсыттың ба, жүгіру қарқыныңнан айырылуың мүмкін. Барлығы ойыңнан басталады, содан кейін ғана әрекет етеміз. Яғни ойың дұрыс болуы керек.

– Жүгіру үшін қандай жолға басымдық берген дұрыс?

– Жазда табиғат аясында жүгірген ұнайды. Бірақ жылдамдық үшін стадиондарды да пайдалану керек. Сол үшін аптасына 3 рет стадиондарда жүгіремін. Кейде жүгіруді жүрумен алмастырып, 4 сағаттап жаяу жүремін. Ондайда орманға барамын, жолда табиғатты, жануарларды суретке түсіремін. Жалпы күнде жүгіремін, өйткені егер де мен энергиямды жұмсамасам ұйықтай алмаймын.

– Бір жылда қанша марафонға қатысасыз?

– Бұрын, 35 жасқа дейін жылына 10 марафонға қатысатынмын, қазір таңдаймын, бұл менің негізгі жұмысым болғандықтан сыйақы көлеміне қараймын. Санкт-Петерборда, Мәскеу мен Омбыда өтетін халықаралық марафондардан қалмаймын.

– Қозғалыс деген – өмір деп жатамыз. Жүгіру денсаулықты шыңдайды, өмір жасыңды ұзартады. Бірақ спортпен айналысудың екінші жағы да бар ғой, яғни түрлі жарақат алу. Денсаулығыңыз сыр берген кездер болды ма?

– Бірде жарыстың алдында ауыр заттарды тасуға көмектестім. Жұмыс істеп жүріп, денемді ауыртып алғанымды байқамаппын. Ал жарақатпен жүгіру қиынның қиыны. Жалпы жүгіргісі келетіндерге айтарым – алдымен екі аптадай жаныңды қинамай, шамаң жеткенше 35 минуттай рақат алып жүгір. Осы аралықта бұлшықеттерің төселе бастайды. Басқа ешқандай тәсілдің керегі жоқ, сіз жүгіруді жақсы көруіңіз керек.

– Жүгіруден басқа тағы немен айналысасыз, хоббилеріңіз бар ма?

– Сүйікті істерімнің бірі – моншаға түсу, қыздырыну. Жалпы суды жақсы көремін, оның ағзаны қалыпқа келтіретін емдік қасиеті бар. Гимнастикамен айналысқан, соның ішінде белтемірге таратылу ұнайды. Бұл барлық бұлшықеттердің жақсы қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ адамды, ол психология болсын, эзотерика, нумерология, хиромантия, қай саласы болмасын зерттеген ұнайды. Адамның шексіз мүмкіндіктерін танығым келеді. Емдік шөптер жайында үнемі білгенімді толықтырамын. Табиғат біздің дертімізге шипа болатын шөптерді жаратқан ғой, сол себепті ауырып қалса дәрі алу үшін бірден дәріханаға жүгіретін адамдарды түсінбеймін.

– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ультрамарафонға қатысып, жеңіспен оралдыңыз. Сол марафон жайында, жалпы өзіңіздің жеке рекордтарыңыз туралы айтып беріңізші.

– Астанада 100 км қашықтықты 9 сағат 12 минут 10 секундта жүгіріп өтіп, жеңіске жеттім. Ал жеке рекордтарыма келер болсам – 42 км-ды 2 сағат 36 минутта, 100 км-ды 7 сағат 59 минутта, 132 км 12 сағатта және бір тәулікте 205 шақырымды жүгіріп өттім. Бұл көрсеткіштерді әлі де жақсартуға болады. Жалпы 22 жылда 111 марафонға қатыстым. Осы аралықта 168 мың шақырым жүгіріп, жүріп өткен екенмін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: inform.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама