×

Босаңсуға болмайды: Премьер коронавирус деңгейі әлі жоғары екенін айтты

Смайылов эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай тұр дейді

 Халық үні 01.02.2022 | 09:20
фото: ашық дереккөзден

Премьер-министр Әлихан Смайылов коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталмай тұрғанын айтты. Үкімет басшысының мәліметінше, індеттің таралу деңгейі әлі де жоғары. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл аймақта». Аурудың ең жоғары деңгейі Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.

Сондықтан эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бизнестің дамуына кедергі келтірмеу үшін карантиндік шектеулер қайта қаралып, азайтылды. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді ол.

Премьердің дерегінше, «Атамекен» палатасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан бизнеспен жұмыс жүргізгені жөн. Кәсіпкерлер жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сауда немесе тамақтану орындарында, өндіріс алаңдарында коронавирустың таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шара қатаң сақталуы керек. Мұны бизнестің өзі қадағалауы тиіс. Өйткені әлеуметтік жауапкершілік бірінші кезекте бизнестің өзі үшін қажет.

Мектеп оқушылары арасында коронавирус көбейгенін ескеріп, әкімдерге барлық оқу орнында санитарлық-эпидемиологиялық режимнің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейту қажет, – деді Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған. Сондай-ақ ел астанасы мен Алматыда және Маңғыстау облысында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Ал Шығыс Қазақстан облысында вакцинамен қамту 100 процент, ревакциналау шамамен 80 процентке жетіп отыр. Жамбыл облысында вакцина салдыру 100 процентке, ал ревакциналау – 66 процентке жуықтады.

Бұл – басқа өңірлер үшін үлгі боларлық жұмыс. Көш соңындағы аймақтардың әкімдері вакциналау және ревакциналау мәселесін күнделікті бақылауға алуы тиіс, – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама