×

Жеке куәлікте аты-жөніңді қазақша жаздыру үшін не істеу керек

Жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында ғана жарамды

 Айгерім Таубай 28.07.2022 | 17:30
Halyq Uni

Жеке куәлік – әрбір қазақстандықтың жеке басын куәландыратын құжат. Қазақстанда азаматтарға жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында ғана жарамды. Қазақстанда тұратын барлық адамның жеке куәлігі болуға міндетті. Halyq uni материалынан жеке куәлікті қалай алуға болатынын, азамат аты-жөнін өзгерткісі келсе, не істеуі қажет екенін оқыңыз.

ЖЕКЕ КУӘЛІК 16 ЖАСТАН БАСТАП БЕРІЛЕДІ

Жеке куәлік алу үшін азамат халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Алғашқы жеке куәлік 16 жасқа толған кезде беріледі. Құжат 10 жылға жарамды.

Алғаш рет жеке куәлік алу үшін қажет құжаттар:

  • туу туралы куәлік;
  • ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.

Жеке куәлік алу құны – 0,2 АЕК (613 теңге).

ЖЕКЕ КУӘЛІК НЕШЕ КҮНДЕ ДАЙЫН БОЛАДЫ

Жеке куәлік 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Алайда құжатты тезірек қолына алғысы келетіндер үшін жедел қызмет қарастырылған.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қаласының тұрғындары құжатты бір жұмыс күні ішінде алғысы келсе 4 983 теңге төлейді. Үш жұмыс күні ішінде алу құны – 2 752 теңге.

Облыс орталықтарында құжатты үш жұмыс күні ішінде алу үшін 4 983 теңге төлейді. Бес жұмыс күні ішінде алу құны – 2 752 теңге. Жеті жұмыс күнінде алу үшін 1 116 теңге төлеуі қажет.

Ескере кетер жайт, куәлікті уақытында алмағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан азаматы жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен 10 күннен 1 айға дейін жүрсе, алдымен ескерту жасалады. Осы мерзім өткеннен кейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 492-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасында жеке басты куәландыратын құжатсыз бір айдан астам уақыттан бері тұру) бойынша 7 АЕК (21 441 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

АТЫ-ЖӨНІҢДІ ҚАЗАҚША ЖАЗДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ

Аты-жөніндегі орыс тілінің аффикстерін алып тастағысы келетін азаматтар үшін 1996 жылы президент жарлығы шықты. Оған сәйкес, ұлты қазақ азаматтар аты-жөнін мемлекеттік тілде жаздырып, қазақ тіліне жат -ов, -ова, -ев, ева, -ин, -ина қосымшасын алып тастай алады. Ал әкесінің атына «ұлы» немесе «қызы» жалғауы қосылады.

Жеке куәлікті кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында ауыстыруға болады. Ол үшін өтініш жазып, қажет құжаттарды тапсыру керек. Олар:

  • жеке куәлікті алғаш рет алатын болса, туу туралы куәлік;
  • ауыстырылатын жеке куәлік, паспорт;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағандар үшін арнайы анықтама;
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.

ҮЙЛЕНУ НЕМЕСЕ АЖЫРАСУ

Қазір некеге тұру не ажырасуға байланысты тегін ауыстыратындар бар. Бұл өзгерісті ең алдымен некеге тұру не некені бұзу туралы куәлікте көрсетеді. Содан кейін жеке куәлікті ауыстыруға құжат тапсырады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ұсыну қажет құжаттар:

  • неке қию (бұзу) туралы куәлік;
  • заңды күшіне енген сот шешімі (болған жағдайда);
  • ауыстыру қажет жеке куәлік, паспорт (болған жағдайда);
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.

«Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес, некеге тұрған не некені бұзған жағдайда тиісті куәлікті алған күннен бастап 30 күн ішінде жеке куәлікті ауыстыру қажет. Бір айдың ішінде бұл талап орындалмаса, 7 АЕК (21 441 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

ҰЛТТЫ ДА АУЫСТЫРУҒА БОЛАДЫ

Жеке куәлік алған кезде ұлтты да ауыстыруға мүмкіндік бар. Егер азаматтың ата-анасы екі түрлі ұлттың өкілі болса, баласы біреуін таңдап, құжатта сол ұлтты жаздырады. рұқсат

Ұлтты ауыстыру үшін қажет құжаттар:

  • ұлты көрсетілген жазбаша өтініш;
  • туу туралы куәлік;
  • жеке куәлік, паспорт;
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.

ЖЕКЕ КУӘЛІКТІ ЖОҒАЛТҚАН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Жеке куәлікті жоғалтып алған жағдайда ең алдымен халыққа қызмет көрсетуге орталығына барған жөн.

Құжат жоғалған жағдайда қажет құжаттар:

  • жеке куәліктің қандай жағдайда жоғалғанын көрсетілген құжатты қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш;
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
  • Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (болған жағдайда).

ҚҰЖАТ ҚОЛДЫ БОЛСА...

Жеке куәлікті ұрлап кеткен жағдайда қажет құжаттар:

  • құжаттың ұрланғанына қатысты арызды қабылдаған аудандық полиция бөлімінен талон-хабарлама;
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
  • Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (болған жағдайда).

Құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Азаматтар жедел қызмет түрін пайдалана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама