×

«Суға қан араласып кеткен»: бір кәсіпкердің кесірі 14 мың тұрғынға тиіп жатыр

Кәсіпкердің өзен ағысын заңсыз өзгерткенін Бөріжар ауылдық округының әкімі де растап отыр

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2022 | 14:54
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Ордабасы ауданының 14 мың тұрғыны бірнеше жылдан бері сусыз өмір сүріп келеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, демалыс орнының иесі өзен ағысын өзгертіп, оларды сусыз қалдырған деп хабарлады жергілікті «Отырар» телеарнасы.

«Міне, коттедждер. Бұған дейін өзенде балық болған, енді бассейндер салып тастады. Ал мына адамдар шомылатын су біздің ауылдарға барады. Сол суды ішеміз. Шарасыз күйдеміз», – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Данияр Қалтаев.

Ауыл тұрғындары мәселені шешуге тырысып, кәсіпкерді бірнеше рет кездесуге шақырғанмен, ол халықтың үніне құлақ аспаған.

Бұл кәсіпкер бізді адам деп отырған жоқ. Біз тіпті мал баға алмай отырмыз. Өзендегі су кейде қызыл болады. Неге олай, біртүрлі. Сол үшін де балалар шомыла алмайды. Өйткені суға қан араласып кеткен. Өз көзіммен көрдім, балалар суға түсе алмай, үйлеріне қайтты, – дейді тұрғындардың бірі.

Судың жетіспеушілігінен фермерлер де зардап шегіп жатыр екен. Теспе ауылының тұрғыны Қайырбек Жантөре 30 жыл бойы қарбыз-қауын өсірумен айналысқан. Алайда ол соңғы бірнеше жыл табыс көзінен айырылған. Айтуынша, судың жоқтығынан жері қаңырап бос жатыр.

«Тек қана шаң. Бұл не сұмдық? Шаңнан басқа ештеңе жоқ. Құрғақшылықтан шөп те өспейді. Су жоқ. Тіпті жауынды күндері де ештеңе шықпайды», - дейді Қайырбек Жантөре.

Сондай-ақ кәсіпкердің өзен ағысын заңсыз өзгерткенін Бөріжар ауылдық округының әкімі де растап отыр.

Арал – Сырдария инспекциясына ресми хат жолдадық. Олар кәсіпкердің өзен арнасын ауыстыруға хақысы жоқ екенін айтты. Оларға ескерттік. Қандай шара қолданатынын біз әзірге білмейміз. Оны облыс әкімдігімен шешу керек, – дейді округ әкімі Серғали Құлымбетов.

Демалыс орны орналасқан жер құжат бойынша Шымкент қаласына қарайды. Мәселені шешу үшін облыс әкімдігі қала әкімдігіне хат жолдаған. Ал кәсіпкердің өзінен жауап алу мүмкін болмапты. Ордабасы ауданының тұрғындары енді мәселе жуық арада шешілмесе, елордаға шығуға ниеттеніп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама