×

Қашықтан оқытуға түбегейлі қарсымын – Аймағамбетов

Алайда ол бұндай мүмкіндіктің бар екенін жоққа шығармады

 Динара Амантай 22.07.2022 | 13:09
Асхат Аймағамбетов, фото: time.kz

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан білім беру мен дәстүрлі оқытуды бір-бірімен салыстыруға келмейді деп есептейді. Бұл туралы ол zakon.kz  ақпараттық порталына берген сұқбатында айтты.

Министр елдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын боса, оқушыларды қашықтан оқытуға көшіруді аса құптай қоймайтынын жеткізді.

Қашықтан оқыту болмайды деп үміттенемін. Мен ковидтік шектеулерге байланысты қашықтан оқытуға үзілді-кесілді қарсымын және бұл дәстүрлі оқытумен пара-пар емес деп ойлаймын. Бұл жерде мәселе тек білімде емес, бұл жерде әлеуметтену мен әл-ауқат мәселесі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасауы керек, өйткені олар мұғалім сыныпқа келіп, жаңа тақырыпты түсіндіріп бергенде ғана білім алмайды. Олар үзілісте немесе асханада бір-бірімен араласқанда да үйреніп, білім алады, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Алайда ол бұндай жағдайдың болуы мүмкін екендігін жоққа шығармады.

«Мүмкіндік әрқашан да бар. Бірақ менің ұстанымым – балаларды қашықтан оқытпауымыз керек. Өткен жылы аурулардың саны көбейгеніне қарамастан, мектептерде індеттің соншалықты тарай қоймағанын байқадық. Мектепте оқыған балалар қашықтан оқитындарға қарағанда әлдеқайда аз ауырады. Өйткені мектепте тәртіп пен реттілік көбірек. Мектептер ең соңғы жабылып, бірінші болып ашылуы керек. Ал базарлар, дүкендер ашылып, мектеп жабылса, бұл дұрыс емес», – деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама