×

Бірегей мектеп формасы: шығынға батқалы тұрған тігіншілер шу шығарды

Қазір 1 метр матаның нарықтық бағасы – 4500, бір орамның құны – 4,5 миллион теңге

 Еркеғали Болатұлы 21.07.2022 | 16:51
фото: abctv.kz

Осыған дейін тігілген дайын киімдер мен алдын ала алынған маталарды қостанайлық тігіншілер енді қайда жаратарын білмей дал. Осы мәселені көтеріп, өңірдегі тігін өндіріс орындарының өкілдері кәсіпкерлер палатасына барды деп хабарлады «Хабар» телеарнасы.

Қазір тігін фабрикалары қоймаларында мыңдаған мектеп формасы үйіліп жатыр. Білім басшыларының осы қыркүйек айынан бастап көк түсті бірегей киім үлгісін енгіземіз деген ұсынысынан кейін тігіншілердің төбесіне жай түскендей болды. Өйткені есіл еңбектері еш болғалы тұр.

Қазір 1 метр матаның нарықтық бағасы – 4500 теңге. Сонда бір орамның құны – 4,5 миллион теңге. Торкөзді маталарды енді қайда жібереміз? Бұл – бір ғана мектептің тапсырысы. Ал бізде қаншама білім беру мекемесі бар. Мыңнан астам киім үлгісі тігіліп, дайын тұр, - дейді тігін фабрикасының басшысы Светлана Шипилкина.

Енді олар бұл нарықтан тіптен шеттеп қалмас үшін көк түсті мектеп формасына ауысуды кезең-кезеңмен енгізсе дұрыс болар еді деп отыр.

Бірегей түсті енгізу ұсыныс ретінде қалдырылса жақсы. Оған 2 жыл уақыт берілсе, бәріміз дайындалып үлгерер едік. Ең дұрысы осы деп ойлаймын, - дейді тігін цехының басшысы Елена Стрелец.

Ал білім беру саласының өкілдері мектеп формасының түсін өзгертуді талап етпейтіндерін алға тартып отыр. Әзірге бұл – ұсыныс қана. Нақты шешім ата-аналардың еншісіне қалдырылып отыр.

Барлығы ата-аналар комитетінің шешіміне байланысты. Бұл 1-2 жылға созылуы мүмкін. Жаңа мектеп формасына қашан ауысатыны жөнінде ешқандай белгіленген мерзім, шектеу жоқ. Ол бірте-бірте енгізіледі, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Абылай Омаров.

Ата-аналар мен мектеп әкімшілігі қандай да бір мәмілеге келгенше, фабрикаларға дайын өнімдерді қоймаға жинақтай беруге тура келеді. Егер бірден мектеп формасын өзгерту талабы қойылса, жаңа оқу жылына дейін оны тігіп үлгере алмасы анық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама