×

Енді астаналықтар мекемелер мен қоғамдық көлікте маска тағып жүруі керек

Қалада күніне 600-ге жуық адам коронавирус жұқтырып жатыр

 Дәурен Ерболат 20.07.2022 | 12:42
Фото: Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі

Елордада мекемелер мен қоғамдық көліктерде маска тағып жүру ұсынылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, «Омикрон» штамының тарауына байланысты қаладағы эпидемиологиялық ахуал күрделі.

Биыл 22 маусым мен 5 шілде аралығында коронавирус жұқтырудың 419 дерегі тіркелсе, соңғы 2 аптада (6-19 шілде аралығында) оның саны 3 900-ге жетті. Осылайша, сырқаттанушылық деңгейі 9,5 есеге артты. Тәулігіне жаңа жағдайлардың санын тіркеу 586-ға жетіп отыр, – деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сархат Бейсенова эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың жаңа матрицасы бойынша елорда «сары» аймаққа жақындап келе жатқанын атап өтті. Ол аурудан сақтану үшін вакцина алуға кеңес берді.

«Өкінішке қарай вакцина алған адамдар да, сондай-ақ коронавируспен ауырғандар да уақыт өте дененің инфекциядан қорғану деңгейі төмендейді. Салдарынан адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты вакцинацияның бастапқы курсын алғаннан кейін яғни 6 айдан соң коронавирусқа қарсы екпе алу ұсынылады. Сондай-ақ сізде ПТР-тесті оң болса немесе сіз науқастармен тығыз байланыста болсаңыз, онда коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ВАК-тың шешіміне сәйкес қашықтан жұмыс істеуге ауысуы керек. Сол себепті тұрғындарды барынша жауапкершілік танытуға шақырамын», - деді дәрігер.

Бас санитар дәрігер астаналықтарды жұрт көп жиылған орындарға бармауға кеңес берді.

Өздеріңіз көріп отырғандай, вирус әлі де қайтар емес, керісінше вирус қайта өршіп жатыр. Сондықтан өзіңіз араласатын адамдардың ортасын шектеңіз. «Сары» аймаққа көшу кезінде инфекция көзін оқшаулауға бағытталған іс-шаралар қабылданады. Нұр-Сұлтан қаласының «жасыл» аймақта тұруына қарамастан ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес жабық мекемелерде, қоғамдық көліктерде бетперде тағуды ұсынамыз, - деді Сархат Бейсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама