×

Форт-Шевченко тұрғындары қоқыс полигонына шағымданып жатыр

Жергілікті халықтың айтуынша, ол жерден үнемі өрт шығып тұрады

 Динара Амантай 18.07.2022 | 12:06
Фото: lada.kz

Форт-Шевченко қаласының тұрғындары қала маңындағы қоқыс полигонында үнемі өрт шығатынын, одан шыққан түтін түрлі қолайсыздықтар туғызып, денсаулықтарына зиян келтіретінін айтып шағымданып жатыр. Бұл туралы жергілікті lada.kz басылымы хабарлады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 15 шілде күні кешкі сағат 18:59-да Түпқараған ауданында Форт-Шевченконың артындағы қоқыс үйіндісі өртенген. Өртті сөндіруге екі өрт сөндіру машинасы мен жеті өрт сөндіруші шыққан. Өрт сағат 21:25-те сөндірілді.

Бұл түтіннің бәрі қалаға қарай ауады. Полигондағы жанып жатқан қоспалар ересектер үшін де, балалар үшін де өте ауыр ауруларға әкелетініне сенімдімін. Алдымен қаланың нақты мәселелерімен айналысайық, сосын билік оның атын өзгертуді ойлайды. Шенеуніктер, халықты ойлаңыздар, – дейді Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, бейнеоператор Мейрамбек Аралбайұлы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта билік қаланың атауын өзгерту сияқты екінші кезектегі мәселермен айналысып отыр. Ал қоқыс полигоны қала тұрғындарына, әсіресе, жас балалардың денсаулығына орасан зор зиянын тигізуде. Осыған байланысты ол болашақта онкологиялық ауруларды болдырмас үшін полигонды қаладан тысқары аймаққа көшіруді сұрап өтініш білдіріп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама