×

Түркістан облысында 4 мектеп директоры жауапқа тартылды

Олар «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзған

 Динара Амантай 14.07.2022 | 17:28
Фото: egemen.kz

Түркістан облысында «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзған 4 мектептің басшысына шара қолданылды. Бұл туралы Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов айтты.

Оның айтуынша, департаментке әлеуметтік желілер мен е-Өтініш порталы арқылы 4 шағым түскен. Арыз иелері кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартылғандары туралы шағымданған. Атап айтқанда, мектеп басшылары педагогтерден өткізілген сабақтар бойынша есептер беруді, мерзімдік басылымдарға жазылуды, мектептің жөндеу жұмыстарына қаражат жинауды талап еткен.

Мәселен, Сауран ауданы Ескі Икан жалпы орта мектебінің директоры Б.Нурметов мектеп педагогтерінен кәсіподақ төрағасының ұсынысымен қаржы жинап, сынып бөлмелерінің тақталарын ауыстырған. Бұл бағытта департамент әкімшілік іс қозғап, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 409-бабы 7-3 бөлігі бойынша «ескерту» жасаған. Ал, Арыс ауданында орналасқан Б.Оңтаев мектебінің директорына педагогикалық әдеп нормаларын бұзу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы 7-6 бөлігі бойынша 30 АӘК көлемінде айыппұл салынған.

Бұған қоса Төлеби ауданы «Ұйымшыл» мектебінің директоры Т.Байдибековтың әдеп нормаларын бұзуы бойынша ісі департаменттің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінде қаралған. «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтамау жағдайы Шардара ауданында да орын алған. «Достық» мектебі директорының міндетін атқарушы П.Ахметоваға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы 7-3 бөлігі бойынша «ескерту» берілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама