×

«Ресей, Украина, Беларусьтен көп адам келді»: Алматыда пәтер жалдау – айына 250 мың теңге

Одан да қымбаттары кездеседі

 Еркеғали Болатұлы 13.07.2022 | 16:59
фото: ашық дереккөз

Алматыда пәтерді жалға алу құны қымбаттап жатыр. Қала орталығындағы баспана бағасы 250 мың теңгеге жеткен деп хабарлады Arbat.media сайты.

Мәселен, «Крыша» порталында пәтерлерді жалға беру туралы түрлі хабарландырулар бар. Жалға алушы өзінің қаржылық мүмкіндігі мен қалауына қарай еркін таңдау жасай алады. Дегенмен олардың көбі қымбат. Айына 250 мың теңгеге жетеді. Одан да қымбаттары кездеседі екен.

Алматыда пәтерді жалға алу құны биыл бірінші рет қымбаттап жатқан жоқ дейді «ИК Челси» ЖШС-нің жылжымайтын мүлік жөніндегі маманы Рустам Касимов. Оның айтуынша, бұған мегаполисте халық санының қарқынды өсуі себеп. Соған сәйкес қалада жылжымайтын мүлікке де сұраныс артып келеді.

Жалдамалы тұрғын үй бағасының өсуіне екі себеп бар. Біріншіден, зейнетақы жинақтарының көмегімен пәтер сатып алу мүмкіндігінің болуы сұраныстың өсуіне әкеп соқты. Тәжірибе көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті сату көлемінің артуы тұрғын үй бағасының көтерілуіне әсер етеді, артынша үйді жалға алу да қымбаттайды. Оған қоса, Украинададағы жағдай да жалға алу ақысының көтерілуіне түрткі болды. Себебі Алматыға Ресейден, Украина мен Беларусьтен көп адам келді, – дейді Касимов.

Сондай-ақ ол студенттерге оқу жылының басталуы жалға алу құнына еш әсер етпейтінін айтты. Оның әсері тек 2015-2017 жылдары байқалған. Қазір Алматыда жылжымайтын мүлік нарығының көлемі күрт өскендіктен, пәтерге деген жоғары сұраныс жыл бойы сақталады. Сарапшы пәтердің бағасы оның орналасқан ауданына байланысты екенін айтты. Мәселен қала орталығындағы пәтерлер әлдеқайда қымбат. Бірақ оларға сұраныс жоғары. Өмір сүруге жайлы болғандықтан, адамдар артығымен төлеуге дайын.

Баға әлі де көтеріледі. Біртіндеп болсын өседі, – деп болжап отыр Рустам Касимов.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл маусым айында Қазақстанда тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 1,1 пайызға төмендеген. Бұл 2021 жылдың қазан айынан бері осы нарықтағы бағаның алғашқы түсуі. Бәрінен бұрын Нұр-Сұлтанда жалдау ақысы 3,4 пайызға төмендеген. Алайда 2022 жылғы наурыз айында сарапшылар жалға берілетін тұрғын үй бағасының көтерілгенін хабарлады. Бір жыл ішінде (2021 жылдың наурыз айынан бастап) 19,1 пайызға қымбаттаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама