×

«Тонаған жерінде селфи жасағандар бар». ІІМ қаңтардағы оқиғаға қатысты жаңа деректерді жариялады

Ұрлық жасаушылардан 515 қару тәркіленген

 Ербол Тұрымбет 25.01.2022 | 19:08
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігі «Қаңтар оқиғасына» байланысты қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысы жөнінде жаңа мәліметтермен таныстырды. Министрліктің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында әр түрлі 1 466 үй-жайға шабуыл жасалған. Оның ішінде 71-і мемлекеттік мекеме, яғни 12-сі әкімшілік ғимараттар болса, 27-сі полиция нысаны.

Ең көп зардап шеккені – бизнес нысандары. Олардың ішінде зақым келтірілгенінен бөлек, 1395-і толық тоналған.

«Зақымдалған автокөліктер саны 700-ден асады. Оның 500-ден астамы полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ, жеке адамдарға тиесілі 116 көлік бүлінген. Жеті аңшылық дүкеніне шабуыл жасалып, тоналып, олардан 1 564 дана азаматтық қару ұрланған», - дейді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, жасалған қылмыстың 70% немесе 1 356-сы тәртіпсіздіктерден туындаған хаос кезінде Алматы қаласының сауда нысандарына жасалған ұрлықпен байланысты. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалған. Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдермен, сондай-ақ, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өз ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденіп жатыр екен.

Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды. Оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба (селфи) және ең сорақысы көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгез ұрып-соғуға қатысуы табылды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасаған. Ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Мұндай фактілер көп, - дейді Санжар Әділов.

Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша арызданған залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асқан. Министрлік өкілі оның әлі өсетініне сенімді.

Ішкі істер министрлігінің өкілінің мәліметінше, терроризмге қарсы операция жүргізу барысында 515 ұрланған қару табылып, тәркіленген. Оның ішінде 75 автомат, 133 пистолет, 2 пулемет; 47 ойық және 103 тегіс ұңғылы қару, 100-ден астам граната, 9 мың данадан астам оқ-дәрі алынған.

«Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және олардың заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды. Қаруды ұрлауға бәрінің бірдей қатысы болмауы мүмкін екенін ескере отырып, министрлік өкілі тауып алған азаматтарды ерікті түрде тапсыруға шақырамыз», - деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ осыған дейін ерікті түрде 31 қару тапсырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама