×

«Баға құтырып кетті»: Депутат тұрмысы төмен халыққа азық-түлік карталарын таратуды ұсынды

Депутаттың пікірінше, сонда ғана шын мұқтаждар көмек ала алады

 Айнұр Шошаева 13.07.2022 | 16:30
Коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік бағасының шарықтап кеткенін сынап, Үкімет оған қарсы жедел шараларды қабылдау қажет деп есептейді.

Депутат бұған дейін де бағаны ұстап тұру мәселесіне қатысты Ұлттық банк пен Үкіметті сынап, азық-түлік бағасын төмендетуге бөлінген 100 млрд теңгені халыққа бөліп беруді ұсынған болатын.

Қазіргі уақытта сөрелердегі тауарлардың бағасы «құтырып» кетті. Үкімет шұғыл түрде «құтыруға қарсы вакцинаны» әзірлеуі қажет. Қазір сауда желілерінің өздері бағаның өсуіне қарсы шара қабылдап жатыр. Негізгі құрал – «айналым схемасы». Бұл – бағаны ұстап тұру туралы міндеттеме алған сауда желілеріне жеңілдікпен несиеберу. Оған 81 млрд теңге жұмсалды, бірақ айтарлықтай өзгеріс байқалмайды, - деп жазды ол фейсбукте. 

Депутаттың пікірінше, «айналым схемасына» алдын ала келісілетін тауарлардың шектеулі тізімі қатысады. Мәселен, Магнум сауда желісінде 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша ғана бағаға тежеу жасалады. Бұған қоса, ол «айналым схемасының» нақты әсерін есептеу мүмкін емес деп есептейді. 

Өйткені, жалпы көлемдегі тауарлардың қандай үлесінің жеңілдікпен сатылғаны туралы дерек жоқ. Магнум тауарларды бөлінген қарыз сомасына ғана сатып алып, содан кейін оларды өз дүкендерінде сатады деп есептеледі. Яғни, тауарлар дүкенде жеңілдікпен сатылуы мүмкін. Сонымен бірге, дәл осы тауарлар бір мезгілде әдеттегі нарықтық бағамен де сатылады. Әрине, бөлінген қаражатқа алынған жеңілдікті тауарлар бұл ретте тез сатылып кетеді де. Кейін тура сол тауарлар жеңілдіксіз өз бағасымен дүкен сөрелерінде тұрады. Әрине, бүкіл ел бойынша бұл 81 млрд теңге – «теңіздегі тамшы» тәрізді», - деп қосты. 

Сонымен қатар ол, аталған тәсіл халықтың барлық топтарының пайдасына жұмыс істейтінін еске салды. 

«Заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-дан аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде «ретробонустар» деп аталатын нәрсе бар. Бұл саудагерлер ойлап тапқан, өндірушілерді өз еңбегінің жемісін болмашы ақыға беруге мәжбүр ететін және оларға «ретробонустар» деп аталатын ақыны есепке жазу арқылы сатып алушыларды осы тауарларды өздерінен анағұрлым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүрлейтін тонаудың құралы. Іс жүзінде бұл тауар жалпы сөреге жете алатындай, өндірушілер дүкенге тауарды сатқаны үшін төлейтін ақы. Егер осы бонустарды ескеретін болсақ, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15%-дың орнына 40%-ға жуықты құрайды», - деді Жамалов. 

Сонымен бірге депутат халықтың қандай тауарлардың жеңілдікті бағамен сатылатынынан хабарсыз атап өтті. Сондықтан айналым схемасын қалай жақсарту қажет деген пікірде. 

«Айналым схемасын» қолданудың әсерін – жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдікті бағамен сатылатынын талдау қажет. Егер «айналым схемасының» әсері төмен болса және тауарлар жетпесе, қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Әрине, барлық сатып алушыларды төмен бағамен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ «айналым схемасы» бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін шамшырақ болуға тиіс. Олар өздерін осы бағаларға қарап, бой түзеуге және бәсекелестікті ескере отырып, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге мәжбүр етуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет», - деп толықтырды. 

Депутаттың ойынша, тауарлардың тізбесін кеңейтуді ойластырған жөн. Оның пікірінше, бүгінгі күні қазақстандықтардың тұтыну себетіндегі тауар 19-дан әлдеқайда көп. Бұған қоса, мемлекет субсидиялайтын жеңілдікті тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралы атаулы шаралар болып табылады. Сондықтан, ең дұрысы – жеңілдікті тауарларды дәл осы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына сату. Ол үшін әртүрлі экономикалық құралдар бар. Мысалы, азық-түлік карталары. Тұтынушы картасын ұсынып, тауарды төмендетілген бағамен сатып ала алады. Сол кезде қолдауды шын мәнінде оған мұқтаж адамдар алатын болады, -деп қорытындылады Аманжан Жамалов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама