×

Жаңа су қоймаларын салуға 55 млрд теңге жұмсалмақ

Олар 2025 жылға дейін салынады

 Дәурен Ерболат 13.07.2022 | 14:00
Фото: advantour.com

Елімізде 7 су қоймасын салуға 55 млрд теңге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда су мәселесі өзекті.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын қорғауға және тиімді пайдалануға көп көңіл бөліп отыр. Президент су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңартып, 9 жаңа су қоймасын салуды тапсырды. Онда суды жинақтау көлемі – 1,7 млн текше километр. Су қоймалары 2025 жылға дейін салынады деп жоспарланып отыр, - деді Досбол Бекмағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының орынбасары жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Су қоймаларын салуға 2022-2024 жылға дейін арналған республикалық бюджеттен 11,3 млрд теңге қолдау тапты. Былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, көлемі 18,5 млн куб. километрді құрайтын «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймасы пайдалануға берілді», - деді басшы.

Бүгінде ол 7 су қоймасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Олар Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында салынады. Су қоймаларының жинақтау көлемі – 1,7 текше км. Олардың кейбірі мемлекеттік сараптамада өтуде... Жобаның жалпы құны шамамен 55 млрд теңге. Қазіргі таңда баға тұрақсыз. Себебі, көптеген құрылыс материалы қымбаттап жатыр. Сондықтан мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін жобаның нақты құнын анықтаймыз, - деді Досбол Бекмағамбетов.

Басшы жаңа су қоймаларын салу 137 мың адам тұратын 70 елді мекен үшін су тасқыны қаупін азайтатынын, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанға су тәуелдігін төмендететінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама