×

Мәжіліс депутаты түрмеде болды

Ол сотталғандарды азаптап, қорламау керектігін айтып, ескерту жасады

 Дастан Жұмабекұлы 12.07.2022 | 13:34
Фото: gov.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты Смағұл Бақытбек Қызылорда қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/5 мемлекеттік мекемесіне барып, жеке құраммен кездесті.

Ол алдымен мекемені аралап, оның тыныс-тіршілігімен және жеке құрамның жұмысымен танысып шықты. Одан кейін жиын өткізді. Жиында ол ІІМ-де іске асырылып жатқан жобалар, атап айтқанда, ішкі істер саласының жұмысының сервистік моделге көшуі, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы цифрландыру мен бюрократизацияны енгізуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Кездесуде депутат қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына көп мәнді өзгерістер мен толықтыруларды талқылап, мекеме қызметкерлерінің осы саладағы нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын тыңдады. Сөз соңында ол Конституцияда ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтындығын айтып, сотталғандарды азаптап, қорламауды ескертті.

Қызылорда облысы ҚАЖД бастығы міндетін атқарушы Ж. Әбдіқайыровтың айтуынша, бүгінде Қызылорда облысы ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 тергеу изоляторы, қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 және ЗК-169/5 қауіпсіздігі аралас мекемелерінде 1200-дей сотталған азамат бар. Ал департаментке қарасты 2 қалалық 7 аудандық пробацияда 1000-ға жуық сотталған адам есепте тұр. Оның ішінде түзеу мекемелері мен пробация қызметтерінде 400-ден астам аттестатталған қызметкерлер жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама